«Абай еліне саяхат» атты виртуалды мәдени - танымдық экскурсия

10 тамыз күні С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы «ZOOM» платформасы арқылы «Абай еліне саяхат» атты виртуалды мәдени - танымдық экскурсиясын ұйымдастырды. Шараның модераторы облыстық кітапхана директорының орынбасары А.Қырымқұлова әлемдік әдебиет пен мәдениеттің асыл жауһары Абай туралы мазмұнды ой қозғап, алғы сөзді кітапхана директоры Б.Кошабаеваға берді. Сонымен қатар, онлайн форматта сөз алған Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Ж.Манжибаева «Абай және кітапхана» тақырыбын баяндады. Сонымен қатар, №40 орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Култанбаева Хакім Абайдың әдебиетке қосқан үлесі, «Абай шығармаларының мектепте оқытылуы» және ақын өлеңдерінің мәні туралы айта келе, жастарды Абай шығармаларын оқуға шақырды.
Содан соң, облыстық кітапхана қызметкері А.Мұқашева «Шын Хакім, сөзің асыл- баға жетпес» тақырыбы аясында кітапханада өткізілген ауқымды іс-шаралар, акциялар туралы, соның ішінде карантин уақытында жастардың өз уақытын тиімді пайдаланып, Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін оқудан белсенділік танытқаны туралы айта келе, данышпан ақынның бір өлеңін мәнерлеп оқып берді. Шара соңында сөз алған С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы бір-бірлеріне өзара алғысын білдіріп, алдағы уақытта да байланыста болуына сенімділік білдірді.