«Еріктілер қызметі – ерекше қайырымдылық» атты кездесу кеші

2020 жылдың 28 қаңтары күні сағат 11.00-де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Еріктілер жылына» орай «Еріктілер қызметі – ерекше қайырымдылық» атты еріктілермен кездесу кешін өткізді.
Шара қонақтары: Нұрбек Жалғасбаев - «Волонтер 2020 Ақтөбе» еріктілер ұйымының жетекшісі; Ақмарал Ялгашбаева - «Достық. Адалдық. Рақымшылдық» еріктілер клубының мүшесі; Манат Зәуірұлы - «Нұр-Шапағат» қайырымдылық қорының мүшесі; Калдина Гүлжайнар Нәренқызы - С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры.
Мақсаты: жастарды әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге және өздерінің жомарттығымен қайырымдылық шараларына үлес қосып жүрген азаматтар, қоғамдық бірлестіктер және еріктілердің жасаған жұмыстарымен таныстыру, жетістіктерін жастарға үлгі ету.
Кездесу кешін Гүлнұр Бекенова жүргізді. Кешті жүргізуші Гүлнұр Бекенова еріктілердің құрылу тарихын, олардың өз еркімен қоғамға пайдасын тигізіп жүргенін, сондай-ақ жыл санап артып келе жатқандығы туралы мағлұмат берді. «Волонтер-2020 Ақтөбе» еріктілер ұйымының жетекшісі Нұрбек Жалғасбаев пен «Достық. Адалдық. Рақымшылдық» еріктілер клубының мүшесі Ақмарал Ялгашбаева сөз сөйлеп, еріктілік - жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беру арқылы тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретіндігі туралы өз ойларын айтты. Шараға жиналған жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын ұсынып, тұшымды жауаптарын ала алды.Сонымен қатар шараға А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі студенті Кулманова Нұрзат Арыстанқызы қатысып, Наурызбек жыраудың «Өтеді талай қызық тіршілікте» термесін тамылжыта орындаса, «Волонтер-2020 Ақтөбе» еріктілер ұйымының мүшелері Шорина Аружан Анарбекқызы әсем ән шырқап беріп, Асылбек Наурызбай С.Жиенбаевтың «Достарым» өлеңін жатқа айтты.
Шара барысында «Еріктілер - ізгілік жаршысы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге библиографиялық шолу жасалды. Тақырыпқа сай слайд, бейнебаян көрсетілді.Шараға еріктілер тобы, Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінің студенттері, оқырман қауым, кітапханашылар қатысты.