Қазақстан Республикасының суретшілер Одағының мүшесі Габдрахманов Мараттың «Көшпенділер» атты шағын формадағы мүсіндерінің және белгілі жазушы Рауль Мир-Хайдаровтың картиналар топтамасының көрмесі

3 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі Габдрахманов Мараттың "Көшпенділер" шағын формадағы мүсіндерінің және белгілі жазушы Рауль Мир-Хайдаровтың картиналар топтамасының бірлескен көрмелерінің ашылуы өтті. Көрме Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың "Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту" бағдарламалық мақаласының "Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет" арнайы жобасы аясында және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау шеңберінде ұйымдастырылды.
Көрме Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы, Lotte Hotel Moscow | LOTTERUS қонақ үйінің «Кристалл» залында, Ресейдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен өткізілді.
Шараның мақсаты-көрме арқылы басқа елге көшпенділер мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін көрсету және мүсін өнерін насихаттау, жерлестеріміздің өнерін насихаттау және өскелең ұрпаққа таныстыру болды.
Мүсіндердің авторы Марат Рахметоллұлы Габдрахманов 1970 жылдың 26 тамызында Ақтөбе қаласында дүниеге келген.1990 жылы Ресейдің Нижний Тагил қаласындағы Орал қолөнер училищесінің металды көркемдеп өңдеу бөлімшесін, 1999 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген.
Суретшінің еңбектері Ақтөбе облыстық тарихи- өлкетану музейінде, өнер музейінде, Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы музейде, ҚР Тұңғыш Президенті музейінде, Нью – Йорк, АҚШ, шет ел азаматтарының жеке жинақтарында сақтаулы.
Көрмеге автордың қазақтың мәдениетін, тарихы мен тұрмысын айқындайтын 20 туындылары ұсынылды.
Сонымен бірге өз жеке коллекциясынан көрме ұйымдастырған Рауль Мирсаидұлы Мир-Хайдаров - танымал жазушы, 30-дан астам кітаптың авторы. КСРО ІІМ Әдеби сыйлығының лауреаты (1989), еңбек сіңірген өнер қайраткері (1999).
Рауль Мир- Хайдаровтың коллекциясы өте қызықты, қызығарлық нәрселер өте көп. Рауль Мир-Хайдаров жинағының негізін қазіргі заманғы суретшілер құрайды: абстракциядан, авангардтан, импрессионизмнен және дәстүрлі орыс кескіндемесіне дейін. Сонымен қатар, мұнда шығыс миниатюрасының дәстүрлері мен мектептерін көруге болады.
Суретшілердің жұмысы жоғары кәсібилікпен ерекшеленеді. Картиналарда суретшілердің әлемге, туған жерінің табиғатына деген нәзік, сезімтал көзқарасын байқаймыз. Суретшілердің әр шығармаларында Отанның асыл бұрыштарына, табиғатына, адамдар өміріне деген махаббат сезіледі.
Көрмені кешке келген қонақтар Ақтөбе облысының әкімі Оразалин Оңдасын Сейілұлы, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов, режиссер Тимур Бекмамбетов және қазақ диаспорасының өкілдері тамашалады.