«Ғұлама тұлға, ғибратты ғұмыр» атты конференция

2019 жылдың 10 желтоқсан күні сағат 11.00-де С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы, сонымен қатар «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жазушы Әбіш Кекілбаевтің туғанына 80 жыл толуына орай «Ғұлама тұлға, ғибратты ғұмыр» атты конференция өтті.
Мақсаты: Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының қаламгерлігі, қайраткерлігі, саясаткерлігі туралы таныстыру, шығармаларын насихаттау. Жастарды, қоғамды кітап оқуға, кітапханаға шақыру.
Конференцияға қатысқандар: Сүлеймен Алмас Бақтықалиұлы - Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы; Хамзина Гүлстан Гимрановна – облыстық зағип және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының директоры; С.Бәйішев атындағы Талғат Тілеулес- облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері; Тағанова Гүлжанат Абдиевна - № 72 Әбіш Кекілбаев атындағы жалпы білім беретін орта IT мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы; Калдина Гүлжайнар Нәренқызы - С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры. «Алтын өлке» өлкетану клубының мүшелері, 6655 әскери бөлімінің сарбаздары, №47 орта мектебінің оқушылары, оқытушылар мен кітапханашылар.
Конференцияны кітапханамыздың қызметкері Нұрсұлтан Әбжан жүргізді. Жиынды Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Сүлеймен Алмас Бақтықалиұлы ашты. Конференция барысында заңғар жазушы, сөз зергері, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевтың шығармалары туралы бірнеше баяндама тыңдалып, оларға талдау жасалды. Жазушының әр жазған шығармасы мен ұрпақ санасын жаңғыртудағы еңбектері туралы айтылды. Сондай-ақ қатысушылар Әбіш Кекілбаев туралы естеліктермен бөлісіп, жастарға Әбіштің шығармаларын оқуға шақырды. Іс-шарада әнші Саламат Ермағамбетов Ә.Кекілбаевтің сөзіне жазылған «Дәуренім менің» әнін шырқады. №72 Әбіш Кекілбаев атындағы жалпы білім беретін орта IT мектеп-лицейінің оқушылары Әбіш Кекілбаевтің өлеңдерін оқыды.
Іс-шара барысында ұйымдастырылған кітап көрмесінде қаламгердің шығармалары және ол туралы жазылған кітаптар, баспасөз мақалалары қойылды. Әбіш Кекілбайұлы туралы «Абыз аға, Әбіш аға» деректі фильмін тамашалады.