Мейірімге толы өнерлі отбасы

1 желтоқсан - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі Ақтөбе облысының Богословка ауылдық клубында концерт өткізді.
Елімізге өнері ғана емес, балаға деген мейірімімен де белгілі отбасылық ансамбль 2004 жылдан бері сахнада өнер көрсетіп, халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдардың лауреаты атанып келеді. 2012 жылы ансамбль «халықтық» атағын алды. Облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан құрылған «Шашу» — ұлттық өнерімізді, соның ішінде дәстүрлі әніміз бен күйімізді дәріптеп келе жатқан өнер ұжымы.
Ансамбль жетекшісі Амангүл Ешпанова мен белгілі жыршы Өмірхан Жетесов — 3 баланың ата-анасы. Бұдан өзге, отбасы 18 баланы бауырына басып тәрбиелеп отырған үлгілі, патронатты, көпұлтты, өнерлі шаңырақ. Балаларының үлкені 30-дан асса, ең кішісі 6 жаста.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық тарихымызға терең үңіліп, төл өнерімізді, салт-дәстүрімізді насихаттауға және мақтан етуге шақырады.
Осы орайда «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі қазақтың көне аспаптарын насихаттауға зор үлес қосып келеді. Ансамбльде балалар домбыра мен қобыздан басқа, қазақтың шертер, шаңқобыз, асатаяқ, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, дауылпаз, тұяқтас, басқа да аспаптарында ойнайды. Фольклорлық туындылармен қатар, халық әндерін, күйлерін, қазақстандық композиторлардың шығармаларын орындайды. Репертуары бай. Ансамбль ән-күй, термелерді орындайды, жыр да айтады. Қоржынында жүзге тарта ән бар.
Осылайша, ұлттық өнер мен отбасы құндылығын ұлықтаған «Шашу» ансамблі мектептер мен оқу орындарда «Ұлы даланың әуендері», «Шаңырақ шаттығы», «Ұлттық өнер — ұлы мұра» тақырыптары бойынша дәріс-концерттерді өткізуді де қолға алған. Шара барысында Өмірхан мен Амангүл қазақ халқының көне музыкалық аспаптарының тарихына тоқталып, ән-күйді әуелететінін айта кету керек.