Арыстан батыр Тінәліұлы кесенесі

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Шалқар қаласынан 16 шақырым оңтүстікте.
Зерттелуі: Т.Төлепбергеннің «Аянбай жаумен алысқан», «Қарабас батырдың ұрпақтары» кітабында және «Шалқар энциклопедиясында» Арыстан батыр туралы мәліметтер бар.
Қысқаша анықтамасы: XVІІІ- XІХ ғасырдағы ұлт азаттық қозғалыстың көрнекті өкілі халық батыры Арыстан Тінәліұлының сүйегі Шалқар қаласынан оңтүстікке қарай шамамен 16 шақырым Ақши мекенінің «Арыстан қорымында» жатыр. Қорымның өзі Сарыжығаның батыс жақ қырлықпен шектелер жерінде, биік төбенің басында, қырлық жағы қалың ши біткен табан екен, ол жерді бұрын Сасыққұдық деп атаған.
Арыстан батыр бейітінің орнын зерттегенде аумағының ұзындығы 9 метр ені 5 метр (сыртынан) күйдірген қызыл кесектен көмкерілген үлкен күмбезді, екі бөлмелі кесене болғанға ұқсайды. 2005 жылы батырдың бейіті жаңартылып күмбезді кесене тұрғызылды.
Аңыз әңгіме: Арыстан батыр - XVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген бүкіл қазаққа белгілі батыр, Ресей үкіметі «дала рыцары» деп мойындаған, елінің бостандығы үшін шыбын жанын ат үстінде пида еткен қолбасшы Көтібар Бәсенұлының немере інісі, жорықтардағы арқа сүйері, әрі ақылшысы.
Ел ауызындағы әңігімелер, тарихи құжаттар Арыстанның қазақ халқының азаттығы жолындағы күресте өзіндік орны бар екендігін айқын дәлелдейді. Арыстан ағасы Көтібармен бірге Кіші жүз жерінде әскери бекіністер салуды тоқтатуды, елдің жайылымдық жерлерін тартып алуды доғаруды патша үкімет орындарының алдына ресми мәселе етіп, бірнеше рет қояды. Мәселе шешімін таппаған соң қарулы көтеріліске шығуға мәжбүр болған. Олар Жайық, Ор, Жем өзендері бойындағы орыс-казак бекіністеріне әрдайым шағын қолмен аттанып отырған.
Архив деректеріне қарағанда Көтібар мен Арыстан 1787 жылдың жазында өздерінің 800-ден аса жасағымен Сырым Датұлының қозғалысына қосылып, көтерілісітің аяғына дейін қатысады. Және одан кейін де патша өкіметіне қарсылығын тоқтатпайды. Орал қазақтарының атаманы, генерал-майор Д.Донсковтың 1797 жылдың 31 наурызда өкімет органдарына берген, Есім ханның өлтірілгені жөніндегі рапортында, ханды өлтіруге өзгелермен бірге 100-ге тарта шекті руының сарбаздары қатысқандығын көрсетеді. 1797 жылы 6 наурызда Жайық бойындағы Есімнің ордасын талқандап өзін өлтіретін топтың ішінде Арыстан да болған.
1805 жылдан бастап Қаратай сұлтан бастаған Кіші жүз қазақтарымен патша өкімет орындарының қарулы қақтығыстары басталып кетті. Көтерілістің бел ортасында белгілі батыр Арыстан Тінәліұлы жүрді.
Көтерілістің ең шарықтаған кезеңі орыс шебіне жақын орналасқан Жөнтөре ханның ордасын талқандап, өзін өлтірумен аяқталады. Қаратай сұлтан 1809 жылы 2 қарашада құрамында бірнеше сұлтандар мен старшиналар бар, 200-днй шектілермен Мерген бекінісінде орналасқан хан ордасына шабуыл жасайды. Жантөре өлтіріліп, дүние мүлкі талауға түседі. Осы жорықты ұйымдастырушалардың ең белсендісі Арыстан батыр болды.
Қазақстанда белгілі азаттық қозғалыстарының бірі – Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліс. Оның басты себебі қазақтардың қонысының тарылуы, елдің жағдайының нашарлауы болды. Бұл көтерлістің басты ұйымдастырушыларының бірі Арыстан батыр болғандығын тарихи құжаттар айқындайды. Мысалы, 1923 жылы 3-қыркүйекте Жоламан Тіленшіұлы Орынбордың әскери губернаторы П.К.Эссенге Елек пен Жайық арасындағы қазақ жерлерін өзиелеріне қайтаруды сұрап хат жазған. Хатқа өзге де би, батырлармен бірге Арыстан батыр да қол қойып мөрін басқан. Жоламан өзінің дипломатиялық әрекеттеріне оң жауап болмаған соң, қарулы көтеріліске шыққан. Оған Арыстан белсене ат салысқан.
Арыстан батыр өз заманында қазақ халқының саяси өміріне де белсене араласқан. Ол Арынғазы хан болысымен өз иелігіндегі далада оны билеу жүйесіне көп өзгерістер енгізді. Жер, жесір дауларын әділ шешуге тырысты, барымтаға, ұрлыққа тыйым салды. Сонымен қатар ел арасындағы әртүрлі келіспеушілікті бейбіт жолмен шешуге мұрындық болған.
Тағы бір ерекше айтар мәселе, Арыстан батыр алып денелі болған. Көне көз қариялардың айтуы бойынша, Арыстан ат үстінде тұрып садақ тартқанда оң ояғы жерге тиіп тұрған деген аңыз-әңгіме бар.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Т.Төреханов «Қанмен жазылған тағыдырлар», Алматы, 1999 жыл.
2. Т.Төреханов «Кісенделген дала», Алматы, 2003 жыл.
3. З.Байдосов «Үш ғасыр перзенттері» 6-7 том. Алматы, 2014 жыл.
4. Т.Төлепбергени «Аянбай жаумен алысқан». Ақтөбе 2005 жыл.
5. «Ақтөбе энциклопедиясы», Ақтөбе, 2001 жыл.
6. Т.Төреханов «Дала геркулесі» Алматы, 2008 жыл.