Балғасын күмбезі

Атауы: Балғасын күмбезі
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Талдықұм ауылынан 15 км. оңтүстік-батысқа қарай.
Зерттелуі: Қорымды зерттеуші еңбектеріне И.Кастанье «Развалины Балгасын и Челкарская степь.-Тр. Оренбург. Уч.Архивн. комиссии, вып.ХІХ, Оренбург, 1907, с. 201-210» және Аджыгалиев С.И. «Отчет о работе архитектурно-искуствоведческой экспедиции в Западной Казахстане» жұмыстарын жатқызуымызға болады.
Қысқаша анықтамасы: Жиһанкездердің назарын қатты аударған ерте заман ескерткіштерінің бірі – Балғасын күмбезі. Балғасын күмбезін тамашаламаған саяхатшы жоқ деуге болады. И.Матовтың салған суреті мен баяндауы бойынша бірнеше қатарлап көтерілген, сан қырлы төбесі көк шатырлы теңдесі жоқ құрылыс талайдың таңдайын қақтырды.
1901 жылы И.Хохлов Балғасынның сипаттамасын жазғанда, оның құлағанын жазады. Ғалымдар бұл жерде ертеде қала болған деген жорамалды айтады.
Аңыз-әңгімелер: Ескерткіштің пайда болуына қатысты бірқатар аңыздар бар. Солардың бірінде, Балғасынды белгісіз тақуа бойжеткеннің жерленген жеріне әкесі келіп тұрғызған делінеді. Екінші аңыз бойынша, мұнара өздігінен үш күннің ішінде жердің астынан өсіп шыққан. Үшінші аңызда, кесенені бес мың татар саз балшық пен ана сүтін араластырып, күйдірілген кірпіштен тұрғызып, белгісіз бағытта кетіп қалған деп баяндайды.
Көне мәліметтер қазақтардың Балғасын ескерткішін қасиетті санағандығын дәлелдейді. Құрсақ көтере алмай жүрген әйел адамдар кесененің басында түнеп, жақсы түс көрсе, міндетті түрде сәбилі болады деп сенген. Жылда, ауа райы жылынған кезден бастап, осы жерге құрсақ көтере алмай жүрген әйелдер көптеп келіп, кесененің басында міндетті түрде бір түн түнейтін болған.
И.А.Кастаньенің болжамы бойынша Балғасын кесенесінің ішінде Ақсақ Темірдің замандасы, белгісіз бір шайқаста қаза тапқан қолбасшы жерленген болуы мүмкін. Зерттеуші осы болжамының дәлелі ретінде, бір қария, кесенеде әскери жорық кезінде қаза тапқан татар ханы жерленгендігі туралы әңгімелеп бергендігін келтіреді.
Пайдаланылған әдебиеттер.
1. С.Ажигали. «Архитектура кочевников-феномен истории и культуры евразии» Алматы. 2002 год.
2. С.Әжіғал «Ескерткіш - ел тарихы» Ақтөбе, 1992 жыл.