"Baqytty bala" ІІ ашық фестивалі

Әлемге жарқын да жас жұлдыздарды сыйлаған "Baqytty bala" ІІ ашық фестиваль конкурсының бас жүлдегерлері 2 000 000 теңге алды. Ал ресейлік "Голос. Дети" телевизиялық шоуының жұлдызы Ислам Балкоев "Baqytty bala" атты қазақстандық фестиваль конкурсының жеңімпазы атанды.Байқаудың қорытындысын анықтау барысында ұйымдастырушылар – "ДимашАли" продюсерлік орталығы мен шақырылған сарапшылар кәдімгідей қиын жағдайға тап болды. Қызу пікірталас түн жарымына дейін жалғасты. Нәтижесінде төрешілер алқасы ымыраға келіп, екі қатысушыға бас жүлде беретін болып шешті. Ал жүлде қорының көлемі алдыңғы конкурстан еселеп артты.Айта кету керек, Қазақстанда осындай ауқымды іс-шара Ақтөбе облысы әкімдігінің және Ақтөбе қаласындағы жеке компаниялардың қолдауымен өтті. Байқау алдында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қазылар алқасы мүшелерімен және фестиваль-байқауды ұйымдастырушылармен кездесті. Жүлдегерлерді соңынан бастап таныстырсақ, қостанайлық Исатай Болтахан және Алматы қаласының үміткері Қарақат Башанова жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Олардың әрқайсысы 100 000 теңге сомасында сыйлық сертификатпен марапатталды. Екінші орынға Украинаның Харьков қаласынан келген Дарина Галицкая мен ақтөбелік Аңсар Жүсіп лайық деп танылды. Оларға 150 000 теңге көлеміндегі сертификаттар табыс етілді. Ал бірінші орынды Ресейдің Тула қаласынан келген Мария Панюкова мен алматылық Нұрлыбек Сапарбай жеңіп алды. Бәсекелестерінен өнер бәйгесінде оза шапқан жас әншілер 250 000 теңге көлеміндегі сертификаттарға ие болды.Сегіз мемлекеттен келген таңдаулы әншілердің арманындағы Бас жүлде, дәстүр бойынша, сарапшылар алқасын тамсандырып, ғажап өнерімен конкурс дәрежесін көтерген ең мықты екі қатысушыға табысталды. Олар, жоғарыда айтқанымыздай, елорданың тумасы Айкерім Тілеубек пен Ресейдің Түмен қаласынан келген Ислам Балкоев – "Baqytty bala" ІІ ашық фестиваль конкурсының жаңа қос жұлдызы. Бас жүлдені жеңіп алғандардың әрқайсысына 1 000 000 теңге сомасында сертификаттар табыс етілді.