Нұрпейіс хазірет мешіті

Атауы: Нұрпейіс хазірет мешіті.
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Қарабұтақ ауылында.
Зерттелуі: «Ақтөбе энциклопедиясында», Дүкенбай Досжанның 1994 жылы жарық көрген «Абай айнасы» кітабында, Ана-тілі газетінің 2011 жылғы санында Нұрпейіс хазіреттің өмірі және мешіті туралы ақпараттар бар.
Қысқаша анықтамасы: Нұрпейіс хазірет – белгілі дінбасы, қоғам қайраткері, діни сауаттылығымен қатар араб, парсы тілдерін меңгерген ғұлама, ғалым. Мешіт құрылысы әуелде екі қабатты болған. Бірінші қабатында намаз оқитын үлкен залы, кіре берісі, тағы бір бөлме болған. Екінші қабатында балаларға білім беретін медресе және құран кітаптары сақталған. Бұл мешітті кім салғаны белгісіз.
Кеңес үкіметі кезінде бұл мешіт клуб қызметін атқарған. Кейіннен мектеп болған және мектептің спорт залы болған. Қазіргі уақытта екі қабаты қосылып кеткен спорт залға лайықтап жасаған сырлау жұмысының қалдықтары сақталған.
Аңыз әңгіме: Нұрпейіс Байғараұлы-қазіргі Батыс Қазақстандағы Шыңғырлау ауданының Қаратөбе, Томарөткел елдімекенінде дүниеге келген. Атақты ғұлама 1817-1880 жылдар аралығында өмір сүрген. Жас кезінде ауыл молдасынан сабақ алған ол кейіннен білімін жетілдіру үшін Бұхарадағы «Көгілташ» медресесіне барып 6 жыл оқиды. Одан соң араб елінің Шам шаһарында 4 жыл оқып, өте сауатты болып, елге оралады. Елге келгеннен кейін Петербургке барып Ақ патшаның қабылдауында болады. Ақ патша Нұрпейіс хазіретке мұсылманша дінді таратып, насихаттау үшін, діннің әлсіздеу жері деп Жайық, Елек, Ор, Қарғалы өзендерінің бойына барып, осы жерлерде бірнеше мешіт салдыруға кеңес береді. Нұрпейіс хазіреттің қолында «Мешіт салдыруға барлық жағдай жасалсын» деген патша жарлығы болады. Қарғалының Қарабұтақ ауылына қоныстанған Нұрпейіс хазірет мешіт салу жұмысын бастайды. Адамдармен тіл табысу арқылы құрылысқа қажет жабдықтарды Башқұртстан жерінен алдырған. Ол мешіт Қарабұтақ өзенінің арғы бетінде орналасқан екен. Жылдың кей мезгілінде ауыл тұрғындарына мешітке бару қиындыққа соққандықтан, 1905 жылы ауыл орталығына Сафа ишан жаңа мешіт салғызады. Сафа ишан – Нұрпейіс хазіреттің үлкен ұлы. Нұрпейіс хазірет- Құнанбай қажының замандасы болған.
Пайдаланылған әдебиеттер.
1. Р.Ілиясова «Ел иесі жер киесі» Ақтөбе 2016 жыл
2. «Нұрпейіс хазірет» Ана тілі газеті 2011 жыл
3. Ақтөбе энциклопедиясы Ақтөбе 2001 жыл