74-ШІ МАУСЫМНЫҢ ЖАБЫЛУ САЛТАНАТЫ

2019 жылдың 4-ші шілде күні «Өнер орталығы» концерт залында өнердің қара шаңырағы Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының 74-ші маусымының жабылуына арналған салтанатты концерті өтті. Концерттің шымылдығын «Достық сазы» (Көркемдік жетекшісі- ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Б.Зейнелов) «Арайлы Ақтөбе» (Көркемдік жетекшісі- ҚР Мәдениет саласының үздігі М.Қабижанова) фольклорлық ансамбльдері «КӨРОҒЛЫ» күйімен бастап, аспаптар шеруіне ұластырды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ж. Асылханов Есбайдың «Терісқақпайын» төгілтті. Сахнаға халыққа шынайы күлкі сыйлап жүрген Республикалық байқаулардың жүлдегері «ЕКІ ЕЗУ» сатира театры (көркемдік жетекшісі ҚР мәдениет қайраткері Н. Жұбатқан) «Ревизор» қойылымын ұсынды. Сахнада «Жұбановтар әуені - 2019» Халықаралық ұлт аспаптары оркестрлер және ансамблдер фестиваль – байқауының Бас жүлде иегері - А. Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі (оркестрдің көркемдік жетекшісі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Д.Ғылымов, оркестрдің бас дирижері ҚР мәдениет саласының үздігі М. Қабижанова) өнер көрсетті. Жеке дауыста халықаралық байқаудың үздік солисті -Серік Жұбатқан халық әні «Самал тау», халықаралық ән байқауларының жүлдегері, республикалық «Жібек жолы» байқауының Гран При иегері Нұртас Омаров Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ» әнін орындады. Оркестр ерекше попурри - «Әлемдік кинофильм әуендерін» орындап көрерменге еріксіз қол соқтырды. Санкт – Петербург қаласында өткен Ю. Фалик атындағы «Поющий мир» атты XVI Халықаралық байқау – фестиваліне қатысып «Халық музыкасы» І – ші дәрежелі, «Камералық хор» және «Заманауи музыка» категориясында екі ІІ – ші дәрежелі лауреат атағын жеңіп алған Украинаның Одесса қаласында өткен «Южная пальмира» атты 24-ші халықаралық хорлар мен вокалдық ұжымдар арасындағы байқаудың ГРАН ПРИ иегері - Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хор ұжымы (Көркемдік жетекшісі «ҚР Президенті Алғыс хаты» және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «жыл патриоты» атағының иегері, халықаралық байқаудың ең үздік дирижері М. Құспанов) сахнаның шырайын аша түсті. Халықаралық би байқауларының жүлдегері Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының «Аққу» би ансамблі (көркемдік жетекшісі ҚР мәдениет саласының үздігі О. Мәмбетов, Балетмейстері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Г. Мәмбетова) тағлымы мол, өнегесі зор «Ене тәрбиесі» би қойылымын ұсынды. 4-ші облыстық хор музыка чемпионатының ГРАН ПРИ иегері – «Саз» балалар студиясының (жетекшісі Лилия Аралбаева) бүлдіршіндері ән салып, жұрттың жанын жадыратты.
Ақтөбенің заманауи ән өнерін биікке көтерген композитор Бейбіт Оралұлының «шығармашылық орталығының» әншілері Ә. Шәкір, Ә.Жұмағалиева, Б. Балмағамбетова, А. Аминова, С. Бегіман әсем әнімен көтеріңкі көңіл сыйлады.
Әлем таныған әнші Димаш Құдайбергеннің ұстазы- Москвада КРЕМЛЬ сахнасында ән салған әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, А. Дементьевтің өлеңіне жазылған Е. Мартыновтың «Лебединная верность» әнін, ҚР Мәд сал үздігі Ж. Нұрқасымова, халықаралық әншілер байқауының жүлдегері Н. Омаров, республикалық конкурстардың лауреаттары М. Сапарова, Е. Дүйсеев Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай өткізілген республикалық ән байқауында ГРАН ПРИ сыйлығын жеңіп алған О.Байсеңгірдің өлеңіне жазылған М. Жанғазының «Құтты мекен Ақтөбе» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Республикалық камералық оркестрлер байқауының жүлдегері «Камералық оркестр» ( Көркемдік жетекшісі ҚР мәд сал үздігі Ә. Ермекбаев) сүйемелдеуімен халықаралық әншілер байқауының лауреаты Н. Оразов орындаған әнді көрермендер қосыла шырқады. Кеш соңында камералық оркестр сүйемелімен ҚР Мәдениет саласының үздігі Ж.Нұрқасымова, республикалық конкурстардың лауреаттары Ө. Сағиев, М. Сапарова, А.Құттығия «Байлығым, бақытым - Қазақстан» атты Т. Бердіғұловтің шығармасын орындады. Жоғары деңгейде өткен салтанатты кеште Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кенжебайұлы Кәдірбаев құттықтау сөз айтып, кеш соңында Ақтөбе облысы әкімі атынан ықылас гүлі сахнаға әкелінді. Филармония ұжымының 75 жылдығы кең көлемде осы жылдың қазан айында арнайы атап өтілетіндігін естіген жұрт ұйымдастырушыларға ақ тілегін айтып тарқасты. Кәсіби өнер иелерінің орындауында үздік өнер туындылары ғана іріктелініп алынған кеш көрерменді ерекше әсерге бөледі.
Өнерімізді бағалаған халыққа әрқашан алғыс айтамыз!