АҚТӨБЕДЕГІ ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ

Домбыра - көненің көзі, бабадан қалған асыл мұра, құнды қазына, рухани байлық, ұлттық рух. "Рухани жаңғыру" бағдарламасымен үндесіп, қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында жарияланған 7 шілде - Ұлттық домбыра күні Ақтөбе облысында да кең көлемде аталып өтілді. Қаладағы "Астана" саябағының алдында Ұлттық домбыра күніне арналған "Маржан саздың маржаны - домбырасың" атты мерекелік бағдарламаны облыстық Халық шығармашылығы орталығы өткізді.
Ашық аспан астында Құрманғазының, Тәттімбетттің күйлері, халық және патриоттық әндер орындалды. Концерт аясында халықтық аспаптың құрметіне әлеуметтік желілерде #naǵyzQazaqDombyra #домбыра_мәңгімұра хештектерімен ұйымдастырған акция - эстафетасына көптеген әлеуметтік желі қолданушылары жеке және ОХШО -ның Вконтакте, Facebook, Instagram аккаунттарында қазақтың ұлттық музыка аспабы - домбырамен ән - күй, жыр - терме орындап, өлең оқып, сурет салып, позт жазып, видеоға түсіріп, белседі жүктеді. Акцияға танымал күйші - композиторлар, домбырашылар, дәстүрлі әншілер, жыршы -термешілер, музыканттар және барлық қазақтың ұлттық аспабын құрметтеп, қастерлейтін, домбыра сүйер қауым қатысты.