1930-1950 ж.ж. саяси қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған «Түйетөбедегі» ескерткіш-белгі

Атауы: 1930-1950 ж.ж. саяси қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған «Түйетөбедегі» ескерткіш-белгі.
Орналасқан жері: Ақтөбе қаласы, Пригородный ауылынан 6,5 км шығыста.
Қысқаша анықтамасы: Жер үйіндінің үстіне стилобад, тұғыр және монумент қойылған. Тас белгіде «Жазықсыз жазаланғандар рухына тағзым», «Жертвам репрессии 30-50-х годов от благодарных потомков. Смерть Ваша безвинна, память о Вас вечна» деген сөздер жазылған табиғи тас.
Зерттелуі: Тарихшылардың есептері бойынша, 30-шы жылдардағы репрессия кезінде Ақтөбе облысында 8 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, оның ішінде 2 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген. Олардың атылып, көмілгені, кейбірулерінің тіпті Түйетөбенің айналасындағы сайларға лақтырыла салынғаны туралы 1987 жылы ғана белгілі болды. Оны педагогикалық институттың тарих факультетінің Сергей Гуцалов басшылығындағы археологиялық отряды Жаман Қарғалы өзені бойындағы мазарларда қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген кезде анықтады. Көктемгі су тасқыны кезінде адам сүйектері шұңқырдың бетіне шығып қалған еді. Мүрделердің барлығында бас сүйектің желке тұсынан атылған оқ ізі байқалған.
Жыл сайын 31-мамырда осы ескерткіш-белгі Түйетөбенің басында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға жиналып, олардың рухына құран бағышталып тұрады.
Аңыз әңгіме: Әр жылда 31-мамырда жазықсыз атылған жандардың ұрпақтары Түйетөбенің басына келіп, өткенді қан жылап еске алды. Солардың бірі Жазық Пірімжанқызы қартайған жасына қарамастан, жыл сайын осы төбеге жаяу шығады. Әкесінің атылғаны туралы деректерді, ақталғаны жөніндегі сарғайған құжаттарды құшақтаған қарияның, осы жерге келген кезде жанары жасқа толады. Жазық әженің әкесу Пірімжан Құдайбергенов осы өлкеде туып-өскен. Арғы аталары ел билеген адамдар болған. Пірімжан зобалаң жылдарда би тұқымы болғаны үшін ұсталады. Бұдан соң ауылдың бір топ белсенділерімен бірге нақақтан нақақ «халық жауы» деген жала жабылып, 1937 жылы осы Түйетөбеде атылған. Осы кезде бар болғаны бір жаста болған Жазық әже бүгінде қасіретті төбеге қараса әлі күнге дейін денесі түршігіп, жаны ауыратындығын жасырмайды.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Қуат Жамаловтың атасы Сейсенғали Қарақұлов Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қызылқорған ауылында 1874 жылы дүниеге келген екен. Ол мешіт ұстап, діни сауаттарын ашу үшін шәкірт оқытыпты. Оның бар кінәсі осы ғана. «Молда болдың» деп жазықсыз жала жабылған. 1937 жылы пайғамбар жасына келгенде тамыз айында ұсталып, қазан айында ату жазасына кесілген.
Байғанин ауданының тұрғыны Түрікпен ата 1935 жылы дүниеге келген. «Бай, батырақ, қожа» деп байларды кәмпескелейтін уақыт болатын. Сол қуғын-сүргін кезінде әкесі Досмұрат әуелі түрмеге қамалып, кейіннен 1941 жылы осы жерде атылған. Осылайша, Түрікпен ата жетім қалады.
Қазақтың тарихындағы ең бір қайғылы, қаісіретті жылдар 30-50-ші жылдардың аралығы. Ашаршылықтан енді ғана басын көтерген қазақ халқы саяси қуғын сүргінге тап болды. Сондықтан да бұл ескерткіш белгінің Тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін алатын орны ерекше.
Пайдаланылған әдебиеттер.
1. «Түйетөбе қасіретті жылдар жаңғырығы» Ақтөбе газеті 2016 жыл
2. «Түйетөбе: тарихқа айналған тағдырлар» Керек инфо газеті 2016 жыл