«Ақжелең» республикалық күйшілер байқауының бас жүлдесі Алматыға бұйырды

Ақтөбеде 24-25 қараша күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазанғап мектебінің дәстүрлі күйшісі Бақыт Басығараевтың 90 жылдығына арналған «Ақжелең» республикалық күйшілер байқауы өтті. Қаситетті төл өнерді қадір тұтып, күй құдіретіне бас иетін, қазанғаптанушы Бақыт Басығараевтың мұрасын ұлықтауға бағытталған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 16-30 жас аралығында 30 күйші қатысты. Олар Алматы, Астана, Талдықорған, Түркістан, Қызылорда, Көкшетау, Жезқазған, Қарағанды, Атырау, Ақтау, Орал, Өскемен қалаларынан келді. Ал Ақтөбеден 3 өнерпаз бағын сынады.
Байқауды Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, күйші Шакрат Сержан Ысқақұлы құттықтау сөзімен ашып берді. Үміткерлердің шеберлігін белгілі өнер зерттеуші, ҚР мәдениет қайраткері, «Көкіл» өнер мектебінің директоры А.Райымбергенов бастаған қазылар алқасы сарапқа салды. Жас күйшілерге байқау кезінде Қазанғап Тілепбергенұлы мен Бақыт Басығараевтың шығармаларын орындау талабы қойылды.
Екі күнге созылған Қазанғаптың күйлерін бүгінге жеткізуші күйші Бақыт Басығараевтың 90 жылдығына арналған «Ақжелең» республикалық күйшілер байқауы гала-концертпен жалғасын тапты. Концертте байқаудың арнайы қонақтары, қазылар алқасының төрағасы - Абдулхамит Райымбергенов, мүшелері - Ерсайын Басықара (Алматы), Еділ Басықара (Астана), Шакрат Сержан (Маңғыстау облысы), Әбілахим Шаншаров, Жайлау Асылханов және А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспапатр оркестрі (Ақтөбе) өнер көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен Байқаудың бас жүлдесін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының 2 курс студенті Бақыт Бексұлтан жеңіп алды (Алматы). Жүлде қоры 300 мың теңге. I орын Ардақ Елеусіз (Астана) жəне Ашықбай Амантай (Ақтөбе). Ақшалай сыйлығы - 100 мың теңге. II орын Жамбыл Кайсар (Алматы), Айжарық Арайлым (Астана) жəне Нажекенов Нұрлыбек (Алматы). Жүлде қоры - 100 мың теңге. III орын иегерлері Қарамүханова Əлия (Ақтау), Есмағанбет Бақытжан (Жезқазған), Сапарғалиева Ақнұр (Астана) жəне Сахы Нұрболат (Астана). Жүлде қоры - 75 мың теңге. Бақыт Басығараев атындағы арнайы жүлде иегерлері - Хайрулла Аян (Ақтөбе), Нұрмағанбетов Жетпіс (Астана) жəне Касумова Наргиза (Орал). Жүлде қоры - 50 мың теңге.