Қарттар мерекесі аталып өтті

1 қазан - Халықаралық ұрпақтар ынтымақтастығы және Қарттар күні. Аталмыш мерекеге орай облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлері ұжым ардагерлерін мерекемен құттықтады. Мекеме атынан орталықта еңбек еткен ардагерлер Клара Жетруова мен Раиса Федоровнаға азық-түлік пакеттері беріліп, жылы лебіздер айтылды. Дәстүрлі әнші Қоянбай Тобағабылов пен термеші Құралай Әленова әсем әндерін орындады. Осындай игі шаралар барлық аудандық, қалалық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда өткізілді. Атап айтсақ, 29 қыркүйек мереке қарсаңында Сазды мәдениет үйінде "Қарттарым - асыл қазынам" мерекелік шарасы ұйымдастырылды. Сазды орта мектебі жанынан құрылған "Жас ұлан" үрмелі аспаптар оркестрі әдемі әуендерімен қарияларды қарсы алса, ал №10 модельді кітапхана ұжымы ұйымдастырған көрме қариялардың қызыушылығын тудырды. Мерекелік кеш "Шабыт" би тобының орындауындағы қазақ биімен басталды. Қонақтарды Астана ауданы аппаратының бас маманы Г.Муратаева мен мәдениет Үйінің директоры Ж.Кемерова құттықтап, Алғыс хаттар табыстады. Кездесуде ардагерлерге ән мен жырдан шашу шашылып, жылы лебіздер айтылды. Қариялар өз ризашылықтарын білдіріп, баталарын беріп, тілектерін жеткізді.
Қарғалы ауданының Велиховка және Ақжайық ауылдарында Қарттар күніне арналған мерекелік концерттер өтті. Іс-шарада ауыл ардагерлерін арнайы жайылған дастархан басында ауылдық округ әкімі Мақсат Егібаев, Велиховка негізгі мектебінің директоры Е.Кастырина және ауылдық клуб меңгерушісі Наталья Айтимова мерекелерімен құттықтады. Ауыл гармонисі Петр Ивановичтің орындауындағы әндер көрермендердің көңілін жадыратты. Салтанатты бағдарлама мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты. Шара барысында ардагер ұстаздар құттықталып, сыйлық табысталды.
Əйтеке би ауданы Ақкөл ауылдық клубында мерекеге орай "Аңыз болған қарттарым" мерекелік шарасы өтті. Ауыл қарияларына мерекелік дастархан жайылып, ауылдық клуб өнерпаздары концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Жылы лебіздерін әкімшілік аппаратының бас маманы Е.Сатаев жəне мектеп директоры Қ.Дүйсенбин, ауылдық клуб меңгерушісі Бибізада Дауылбаева жеткізіп, шынайы тілектерін білдірді. Концерт клуб әдіскері С.Аймұханбетованың орындауындағы "Анашым" əнімен басталып, театрландырылған қойылым және ұлы композитор, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әсем әндерімен жалғасты.