«Жібек жолы» республикалық ән байқауы өтеді

Ескі ән-жырлар жаңаша шырқалады. Ақтөбеде 4-5 қазан күндері Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының ұйымдастыруымен ІІ Республикалық «Жібек жолы» эстрадалық әншілер байқауы өтеді. Ашылуы салтанаты Өнер Орталығында сағат 10:00-де. Гала концерттің басталу уақыты - 19:00.
Елімізге белгілі өнерпаздардың басын қосатын шараның мақсаты - облыстың рухани-мәдени өміріне жаңа серпін бере отырып, дәстүрлі ән өнерін дәріптеу. Ән аламанына Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан облыстарынан және Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан үміткерлер бақ сынайды. Жеңімпазға берілетін жалпы жүлде қоры - 1500000 теңге.
Байқау Ақтөбе облысы әкімдігі, Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Ән додасын жіберіп алмаңыз!