Қарғалы ауданының күндері өтті

28 қыркүйек күні Қарғалы ауданының күндері "Жұбановтар əлемі" орталығында "Əуелейді Шəмші əні" облыстық байқауынан басталды. Шара қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын ұлықтап, дарынды жастардың шығарма­шы­лығына қолдау көрсетуді көздеді. Өнер мерекесіне арнайы Шымкент қаласынан композитордың қарындасы - Райхан Қалдаяқова келіп, қатысты.
Кеш шымылдығын Қарғалы ауданы əкімінің орынбасары Изгілік Тынымгереев құттықтау сөзімен ашты. Ән байқауына облыстың Алға, Темір, Ойыл, Хромтау, Қарғалы, Мұғалжар аудандары мен Ақтөбе қаласынан 8 өнерпаз бақ сынады. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Мұғалжар ауданының әншісі Марат Жақсылық иеленді. Екінші орын Ойыл ауданынан келген Сабит Берікұлына бұйырса, жүлделі 3-орынға қарғалылық Нұрдаулет Қуандықұлы ие болды. Хромтаулық Жазира Мырзахметова "Көрермендер көзайымы" номинациясы бойынша марапатталды. Барлық қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Аудан күндері «Ел үшін туған ер Сәрке» атты ғылыми конференциямен жалғасты. С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы өткен шара Сәрке батырдың ерлігі мен елі үшін жасаған қызметін көпшілік қауымға кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Шарада «Шәмші Қалдаяқов» қорының директоры, еңбек ардагері Бақыт Ғизатов, белгілі өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, Сәрке батырдың ұрпағы, экономика ғылымдарының кандидаты Аманғос Төлеуов т.б. баяндмалар оқыды. Ауданның жас ақыны Баймұхан Жомарт Нұрмұханбет Дияровтың «Сәрке батыр» туралы поэмасынан үзінді оқыды.
Ауданның алғашқы күнін қарғалылықтар Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында "Бала кімдікі?" комедиялық қойылымымен аяқтады. Драмалық қойылымда қоғамда белең алған тастанды нәресте, жетімдер үйі мəселесі көтеріліп, көрерменді күлдіре отырып, терең ойға қалдырды.
Екінші күні "Табыс" коммуналдық базарында ауыл шаруашылық жəрмеңкесі басталды. Ауданның тауар өндірушілері қала тұрғындарына арзан бағамен өз өнімдерін ұсынды.
29 қыркүйек күні тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта ақтөбеліктер аудан өнерпаздарының гала-концертін тамашалады. Концерт туған өлке туралы театрландырылған қойылыммен басталып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Шарада арнайы көршілес Орынбор облысының өнерпаздары қала халқын құттықтап, би билеп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Концертке Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Райхан Қалдаяқованың қатысуы көпшіліктің мерейін өсірді. "Бауырсақ Partу" мерекесі аясында барлық көрермендерге ыстық бауырсақтар таратылды. "Бақытты бала" жобасы аясында саябақта балалар үшін арнайы алаң бөлінді. Онда бүлдіршіндер ертегілер әлеміне саяхат жасап, түрлі жарыстарға қатысты. Шара "Туған жерім - нұрлы елім" акциясы аясында Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізілді.