Ақтөбеде халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі өтті

2018 жылғы 23-27 қыркүйек аралығында Ақтөбеде Халықаралық «Ассалаумағалейкум –V» қуыршақ театрларының фестивалі өтті. Бұл - ақтөбелік балалар үшін үлкен мереке, мұнда кішкентай көрермендер әр елдің мәдениетімен танысып, түрлі халықтың өнерін тамашалуға мүмкіндік алды. Бес күн бойы кәсіби театр ұжымдары өз қойылымдарын сахналанды.
Шара мақсаты - халықаралық байланысты күшейту және өзара театр мәдениетін байыту, қуыршақ театр өнері мен еліміздің ұлттық мәдениетін өркендету. Фестивальде Ресей Федерациясы, оның ішінде Татарстан, Башқұртстан, Удмуртия, Ханты Мансий автономды округі, сонымен қатар, Беларусия және Қазақстаннан барлығы 14 театр ұжымы бақ сынасты.
Қазылар алқасы құрамында Санкт-Петербург, Уфа, Жигулевск, Алматы қалаларынан келген театр режиссерлері мен сыншылары, актерлер және Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы - Қорғанбаева Маржан Нағашбекқызы болды.
23 қыркүйек «Ассалаумағалейкум-V» қуыршақ театрлар фестивалінің ашылу салтанаты болып өтті. Аталған шарада Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Нұрғалиев Ербол Жолдасбекұлы сөз сөйлеп, фестиваль қатысушылары мен қонақтарына ізгі тілегін жеткізіп, сәттілік тіледі.
Фестивальдің бірінші күні қуыршақ өнерінен сыр шерткен мерекеге айналды.Театр сахнасында Қостанай облыстық қуыршақ театры А.Қарасайдың «Ән сал, менің добырам!», Волгоград облыстық қуыршақ театры А.С.Пушкиннің «Балықшы мен балық туралы ертегісін» сахналады. С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының қуыршақ труппасы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» қойылымын көрсетсе, Гомель мемлекеттік қуыршақ театры «Кішкентай кемпір туралы ертегі» спектаклін ұсынды. Фестиваль қойылымдары көрермендер үшін тек қана театр ғимаратында ғана емес, сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдар мен балалар үйінде де қойылды. Сондай-ақ, кішкентай суретшілер арасында «Театр начинается с ...» қалалық конкурсы ұйымдастырылды.
Фестивальдің салтанатты жабылуы 26 қыркүйек «Алақай» қуыршақ театрында өткізілді. Кеш жүргізушілері жеңімпаздарды марапаттау үшін қазылар мүшесін сахнаға шақырды. Фестиваль қорытындысы бойынша:
«Ең үздік музыкалық шешім» номинациясын «Петрушка» актер және қуыршақ театры («Теремок» спектаклі, ХМАО, Сургут қ.);
«Ең үздік сценография» номинациясын Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры («Шапан» спектаклі, Н.В.Гогольдің «Шинель» повесінің желісі бойынша);
«Ең үздік актриса» номинациясын Башқұртстан мемлекеттік қуыршақ театрының акрисасы Щербакова Виктория (А.Шмидттің «Секпілді ханшайым» спектаклі);
«Ең үздік актер» номинациясын Набережные Челны мемлекеттік қуыршақ театрының актері Митрофанов Егор ( «Алтын балапан» спектаклі);
«Ең үздік режиссерлік жұмыс» номинациясын Волгоград облыстық қуыршақ театрының режиссері Павел Овсянников («Балықшы және балық туралы ертегі » спектаклі);
«Үздік қуыршақ суретшісі» номинациясын Татар Мемлекеттік «Экият» қуыршақ театрының суретшісі Губская Валентина Емельяновна («Чулпан, айга – ЗөҺрә!..» спектаклі);
«Ең үздік спектакль» номинациясын Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры «Ана жүрегі» қойылымы үшін иеленді.
Барлық номинация иегерлеріне дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды. Фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Бақытты бала» жобасы аясында өткізілді.