Республикалық Аналар слеті аясындағы мәдени шаралар

20-21 қыркүйек күндері Ақтөбеде мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында елімізде алғаш рет Аналар Слеті өтті. Шараның басты қатысушылары – мәдениет, спорт, бизнес, білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан әйелдер, көп балалы аналар. Екі күндік шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 1200-ден астам делегат жиналды. Слеттің салтанатты ашылуы Өнер Орталығында бастау алып, аналардың қоғамдағы орны, отбасы құндылықтары туралы сөз болды.
Слеттің алғашқы күні делегация облыста жаңадан салынған объектілерді аралады. Кешке Студенттер сарайында слетқа шақырылған танымал өнер адамдарының қатысуымен "Әйел әлемді тербетеді" атты мерекелік концерт өтті. Ақтөбеліктер алдында бірнеше халықаралық ән байқауының жүлдегері, әнші Жадыра Арыстанова, халықаралық, республикалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары, танымал жұлдызды жұп Мирас-Құралай Бекжановтар, қазақ халық әндерін насихаттаушы, домбырашы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Татьяна Бурмистрова, әнші, сазгер, айтыскер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықовамен қатар Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілері өнер көрсетті.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған рухани-адамгершілікке тәрбиелейтін «Анаға тағзым» орталығының құрылысы аяқталып, 21 қыркүйек күні республикалық аналар Слеті барысында салтанатты түрде ашылды. Салтанатты шараға КСРО халық әртісі Б.Төлегенова, Социалистік Еңбек Ері В.Сидорова, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл С.Айтбаева, ҚР ҰҒА академигі Раиса Күзденбаева, этнограф, жазушы Зейнеп Ахметова, белгілі ақын Марфуға Айтқожина, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері А.Жағанова мен Елена Әбдіқалықова, Әбіш Кекілбаевтың жары, дәрігер Клара Жұмабаева, т.б. құрметті қонақтар қатысты. Орталықтың ашылуында көп балалы аналарға "Алтын алқа" төсбелгілері табысталды. Өнер орталығындағы слеттің салтанатты ашылу рәсімінде жергілікті өнерпаздардың күшімен әзірленген "Аналардың ақ тілегі" атты театрландырылған композиция жиналғандардың назарына ұсынылды.
Слет аясындағы шаралар секциялық жұмыстар түрінде жалғасты. С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында "Әлемнің мәні әйелде" атты кездесу кешіне дәстүрлі әндерді насихаттаушы, домбырашы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Татьяна Бурмистрова, әнші, сазгер, айтыскер ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова қатысты.
Сондай-ақ "Жұбановтар әлемі" мәдени орталығында "Дана - әйел, дара - әйел" атты кездесу кешіне академик, биология ғылымдарының кандидаты, А.Жұбановтың қызы Ажар Жұбанова, эстрада жұлдыздары Құралай-Мирас Бекжановтар, Жадыра Арыстанова кәсіби музыканттармен, музыка факультетінің студенттерімен кездесіп, пікір алысты.
Екі күнге созылған Республикалық "Анаға тағзым" аналар слеті Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында "Бір түп алма ағашы" спектаклімен аяқталды. Шынайы бейнені сахналаған өнер майталмандарын барша көрермен зор ықыласқа бөлеп, қошеметпен алғыстарын білдірді.