Алаш партиясы туралы танымдық сағат өтті

12 қыркүйек күні «Руханият» Ақтөбе облыстық музейінде «Қазақтың тарихи тұлғалары» атты тарихи-танымдық сабағы өтті. Танымдық сағатты тарих ғылымдарының докторы Ұ. Исмағұлов және тарих ғылымдарының кандидаты С.Есқалиев жүргізді. Шара мақсаты - ұлт қамы үшін саналы ғұмырын арнаған халқымыздың біртуар перзенттері, ұлт көсемдері мен қоғам қайраткерлерінің өнегелі өмірі мен еңбегін дәріптеп, Алаш қайраткерлерінің рухтарына тағзым ету.
Қатысушыларға Алашорда тарихының 100-жылдығына жинақталған архив құжаттары негізге алынып даярланған «Алашорда тарихы – азаттық бастауы» атты баяндамасы оқылды. Облыстық архивтің «Құжаттарды пайдалану және жариялау» тобының басшысы Б. Ешмұратова көрермен қауымға архив сақтауындағы түрлі тың мәліметтерді ұсынды. Атап айтсақ, 1920-1930 жылдардағы Ақтөбе облыстық партия комитетінің Ақтөбе аймағындағы Алаш қозғалысының тарихы, Алаш партиясының мүшелері жайындағы деректерімен таныстырылды.