Кітапханадағы танымдық сағат

Жастардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру және таза сөйлеуге үйрету мақсатында 4 қыркүйек күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Тіл –ұлт тұтастығының тұғыры» атты танымдық сағаты өтті. Тілдер мерекесі күніне орай өткізілген шараның өзектілігі ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран етуінде болды.
Шараға «Ақ қауырсын» клубының мүшелері қатысты. Жастар шара барысында тіл жөнінде өз ойларын ортаға салды. Кітапхана қызметкері «Ана тілі-ұлтымыздың айнасы» атты кітап көрмесімен таныстырды. Басқосуда «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» ойыны, сұрақ – жауап, ой - толғау, полиглот ойындары өткізілді.
Кітапханада М.Шахановтың «Рух пен Тіл», С.Торайғыровтың «Қазақ тілі» өлеңдері оқылып, «Мемлекеттік тіл-менің тілім»слайды көрсетілді. Тәуелсіздіктің басты тірегі — мемлекеттік тіл екендігін түсіндіру мақсатында жүргізілген шара қызықты да мазмұнды болды.