Ақтөбеде Темір ауданының күндері өтті

Темірліктер 3-4 тамыз аралығында облыс орталығында дәстүрлі түрде «Туған жерім – нұрлы елім» акциясы аясында өткізілетін аудан күндерін жалғастырды.
Астананың 20 жылдық мерейтойы құрметіне Ақтөбе қаласында өткен «Темір – татулықтың мекені!» атты Темір ауданы күндерінде түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ақтөбе қаласында екі күнге созылған Темір ауданының күндері С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында басталды. Кітапханада халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің құрметіне арналған «Жырдың нұры - Нұрпейіс» кездесу кеші өтті. Шара Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ата-бабаларымыздан қалған асыл қазына — халық жырларын бізге жеткізген әрі өзі де «Нарқыз», «Ақкенже» сынды ешқашан құнын жоймайтын туындылар қалдырған Нұрпейіс ақынның құрметіне арналған кездесу кеші — сіз бен біз үшін үлкен мереке, ерекше, маңызды шара. Кездесуге ақынның ұлы, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Момын Байғанин, зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты. Кездесу барысында Темір ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ азаматқа «Темір ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісі мен куәлігін табыстады.
Облыс орталығындағы Темір ауданының бірінші күні Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында аудан өнерпаздарының қатысуымен грузин халқының «Қиқарлар» комедиялық қойылымымен аяқталды. Режиссеры – Тимур Еңсегенов. Театр сахнасында «Қиқарлар» спектакліне көрермен де, қазылар алқасы да бірдей тәнті болды.
Темір ауданының екінші күні "Табыс" коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы жəрмеңкесінен басталды. Ауданның ауыл округтерінің шаруашылық құрылымдары облыс жұртшылығына ет, сүт, құрт-май, қаймақ басқа да ауданда шығарылатын өнімдерін ұсынды. Аудан əкімі Асқар Жүсібалиев жəрмеңкеге келген облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдиуллин мен қала əкімі Ілияс Испанов пен қоғам белсенділеріне сауда сөрелерін аралатып, шаруа қожалықтары өнімдерімен таныстырды. Халыққа арзандатылған бағамен ұсынылған азық-түлік өнімдері жəрмеңкеде өз тұтынушыларын тапты.
Бұдан кейін шалқарлықтар темірліктер қарттар мен мүгедектер үйінде болып, «Қарттарым - асыл қазынам!» қайырымдылық акциясын өткізді. Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев бүгінгі іс-шара Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғанын айта келіп, қарттарға жылы лебізін жеткізіп, арнайы сыйлықтарын тарту етті. Шара барысында концерт ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта ауданның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен тарихын паш ететін «Темір – татулықтың мекені!» мәдени көпшілік іс-шара ақтөбеліктер мен қала қонақтарының назарына ұсынылды. Киелі, тарихи мекенге бай мұнайлы өлкенің мәдени шарасы аудандық кітапхананың «Туған жер тұнған тарих» кітап көрмесімен, музей этнографиялық бұйымдары қолөнерінің және «Мұнайлы өлкем-Темірім» мұнай саласына арналған экспонаттар көрмесінен бастау алды.
«Бақытты бала» жобасы аясында «Бақытты бала-жарқын болашағымыз» мерекесі балалардың көңілін көтерді. Шараға қала балалары көптеп қатыстырылды.
Одан соң, мереке «Ауыл кеші көңілді!» ауылдық округтер үйлеріне Астана қаласына байланысты атаулар беріп, ұлттық нақышта өткізілген шаралармен жалғасты. «Темір әуендері» гала-концертінде қала тұрғындары мен қонақтарына ауданның шығармашылық ұжымдары және Темір ауданынан шыққан эстрада жұлдыздары Ақтөбе аспанын сазды әуенге бөледі.