Мүгедек балаларға арналған танымдық сағат өтті

Мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша назар аударып, қамқорлық көрсетуде өлкеміздегі кітапханалар көптеген істер атқарып отыр. Үстіміздегі жылдың 3 тамыз күні «Ғажап» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінде қызықты танымдық сағат өтті. Осылайша Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Жазғы жайлау» жылжымалы кітапханасын жалғастырды. «Білеміз оны бәріміз, кітап - біздің досымыз» танымдық сағатында кітап оқудың жеті пайдасы айтылды. Балалар «Қазақ батырлары», «Қазақтың бес алыбы», «Жеті қазына», «Қазақстан өсімдіктері», «Қазақстан қорықтары» танымдық кітаптарымен танысты. Кішкентай оқырмандар шарада белсенділік танытып, әдеби ойындарда білімдерін сынады.