Ғафу Қайырбеков құрметіне арналған жыр сағаты

Үстіміздегі жылы қазақтың ақиық ақыны Ғафу Қайырбековтың туғанына 90 жыл толады. Осыған орай шілде айының 27-жұлдызында Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Достық» жазғы демалыс лагерінде ақын «Тұлпар жырдың дүбiрi» жыр сағатын өткізді. Шара мақсаты - еңбектерінде өзі өмір сүрген дәуірдің өзекті мәселелерін, яғни, оқу-ағарту жайын сөз ете отырып, замандас келбетін көркем кескіндей білген Ғафу Қайырбеков өлеңдерінің тәрбиелік мәнін ашу.
Әдеби кеште ақынның ғибратқа толы ғұмыры мен қоғамдағы қызметі, әсіресе, аудармашылық қыры туралы айтылды. Ақын жырларының әр алуандығын паш еткен лирикалық өлеңдері оқырмандардың көңілінен шықты. Демалушылар ақын өмірі мен шығармашылығына жасақталған көрмемен танысты.
Бүгінде ақынның өлеңдері халқынан қалтқысыз бағасын алып, келер ғасырға керуен көшін сенімді түрде ұзатып барады. Азаматтық пен адамгершілікті асқақ мұраты санаған ақынның жүрек сырлары шынайы болмысымен, ақиқаттың алдында аласармауымен қымбат та құнды.