«Дана сөздің дарасы - Шәкәрім» атты поэзия сағаты өтті

24 шілде күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толуына орай «Дана сөздің дарасы - Шәкәрім» атты поэзия сағаты өтті. Кеш мақсаты - Ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы арқылы туған жерге, ел тарихына, әдебиетіне деген сүйiспеншiлiктi арттырып, жастарды патриоттыққа баулу.
Шарада кітапханашы Қайнақаева Азатгүл ғұлама ғалым өмірі жайында баяндап берді. Шәкәрім Абайдың замандасы әрі інісі болғанын, Абай негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін жалғастырушы ізбасары екендігі жөнінде айтып өтті. Сонымен бірге, Шәкәрімді философ, тарихшы ретінде де танытатын «Үш анық», «Мұсылмандық шарты» атты туындылары, әлеуметтік-ағартушылық арнадағы «Жолсыз жаза», «Қалқаман - Мамыр», «Ләйлі — Мәжнүн» т.б. жыр жинақтары мен поэмалары қазақ әдебиетінің алтын мұрасы екендігін айта отырып, ақынның кітаптарын оқуға кеңес берді.
Поэзия сағатында оқырмандар мен кітапханшылар ақынның шығармашылығы жөнінде өзара ой бөлісіп, өлеңдер оқыды. Шара барысында «Шәкәрім мұрасы – мәңгілік мұра» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітап көрмесінде қаламгердің туындылары мен ол туралы жазылған кітаптар, баспасөз мақалалары қойылды. Тақырыпқа сай слайд, бейнеролик көрсетілді. Шараға кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.