«Туған жерім – нұрлы елім» акциясы бастау алды

6 шілде - Астана қаласының туған күні Ақтөбеде Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» кіші жобасын жүзеге асыру мақсатында «Туған жерім – нұрлы елім» дәстүрлі облыс орталығындағы аудан күндерінің акциясы бастау алды.
ҚР Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына арналған ауқымды шара облыс басшысы Б.Сапарбаевтың бастамасымен үшінші жыл қолға алынды.
2018 жылғы 6-7 шілде күндері Астана қаласының 20 жылдығына орай «Туған елім — нұрлы елім» атты облыс аудандары күндері акциясының аясында Ақтөбе қаласында Шалқар ауданының күндері өтті.
Акцияның негізгі мақсаттарының бірі - алыс аудандардан облыс орталығына келіп, өздерінің экономикалық және рухани жетістіктерін көрсету, ауылға қамқорлық жасау, әрбір азаматтың өзінің туған жерін ұмытпай, ауылға оралып, еңбек етуді насиахттау.
Шалқар ауданы түрлі шаралар арқылы өздерінің мүмкіндіктерін, жеткен жетістіктерін көрсетті. Олардың еңбегін қазылар алқасы бағалап отырды. Мәдени шаралардың, жәрмеңкелердің өткізілуі төрешілердің қадағалауында болды.
Шалқар ауданының күндері облыстық қарттар мен мүгедектер интернат-үйінде «Қарттарым – асыл қазынам» қайырымдылық акциясынан басталып, кешке Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Шалқар халықтық театрының «Беу, қыздар-ай» қойылымымен жалғасты. "Халықтық" театрдың спектаклін көрермендер қызыға тамашалады.
Ауданның екінші күні «Табыс» базарында шалқарлықтардың ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесімен ашылып, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында қазанғаптанушылардың басын қосқан «Күй-құдірет, күй-кие» семинарымен жалғасын тапты.
«Keruencity» сауда ойын-сауық орталығында "Бақытты бала" жобасы бойынша «Балам дейтін елің бар» қайырымдылық акциясы өтіп, шалқарлық өнерпаздар балғын бүлдіршіндерге керемет көңіл-күй сыйлады.
Әрі қарай аудан күндерінің шаралары ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық мәдени-демалыс саябағында жалғасты.
Бұл шараға облыс әкімі Б.Сапарбаев, Шалқар ауданының әкімі Б.Қаниев, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Саябақта шалқарлықтар тіккен іші қазақтың салт-дәстүріне сай безендірілген киіз үйде Қазанғап күйлерінің бүгінгі күнге саф алтындай таза қалпында жетуіне еңбек сіңірген бірегей талант иесі, күйшінің үздік шәкірттерінің бірі Кәдірәлі Ержановтың шәкірті, Қазанғап күйлерін сол қалпында бұзбай жеткізуші — қазіргі абыз ақсақал Жұмабай Жансүгіров Қазанғап күйлерін орындау шеберлігі туралы сыр шертті.
Саябақтағы сахнаның екі жағын жағалай «Құмы-құт, суы-байлық, осында аңыз...» және «Астанаға -20 жыл» көрмелері қойылды. Ақтөбеліктер, оның ішінде жастар ауданның тарихымен, қазіргі тірлігімен жақын танысып, өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырғаны сөзсіз.
«Сайыпқырандар сайысы» спорттық жарыстары, әсіресе, қазақша күрес, гір көтеру, арқан тарту сынды ойындарға ақтөбелік жастар белсене қатысты.
Ақтөбедегі Шалқар ауданының күндері «Шалқарым – өрелі өлкем, сыр шежірем» аудан өнерпаздарының гала-концертімен аяқталды. Концерт барысында мерекенің арнайы қонағы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, әнші, жыршы-термеші, жерлесіміз Айгүл Елшібаева өзінің орындаушылық шеберлігімен көрермендерді тәнті етті.