Музейде «Қасенғали» кітабының тұсаукесері өтті

«Тәуелсіздік белесінде елге оралған есімдер» акциясы аясында Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде 28 маусым күні Сталинград шайқасына қатысушы жауынгер Қ.Әлекеновтың өмірі мен ерлігі туралы «Қасенғали» атты кітаптың тұсаукесері өткізілді.
«Сталинград шайқасына» арналған деректі фильм көрсетумен басталған шарада Ұлы Отан соғысына қатысушы Қ.Әлекеновтың өмірі мен қызметі, ерлігі және «Қасенғали» атты кітап туралы мәлімет тыңдалды.
Кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалған соң, Қ.Әлекеновтың туысы Т.Әлекенов, «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі М.Жармухамедов, «Үш таған» журналының редакторы Б.Жаншаева, «Жас алаш» газетінің тілшісі Б.Сәрсенбина, «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғ.Бәйдербес, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ә.Мүбарақша - Қ.Әлекеновтың өмірі мен ерлігі туралы әңгімелеп, кітап туралы пікірлерін білдірді.
Шара соңында кітаптың авторы Қасенғали Әлекеновтың келіні - Гүлзада Әлекенова ұйымдастырушыларға алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыстады.