«Әнім сенсің, Астана» облыстық сазгерлер байқауы

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бастамасын негізге ала отырып, еліміздің, ұлтымыздың, мәдени және рухани мұраларын дамыту - болашақ ұрпақ алдындағы ең басты міндеттердің бірі.
Қазіргі таңда сәні мен салтанаты жарасқан Елордамыз – Астана егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі. Облыстық халық шығармашылығы орталығы ҚР елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына арналған іс-шаралар легін жалғастырып, өткізуде.
Бас қаламыз - Астанаға ақын-композиторларымыз көптеген туындыларын арнауда.
2018 жылғы 29 маусым күні облыстық халық шығармашылығы орталығы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Әнім сенсің - Астана» облыстық сазгерлер байқауын өткізді.
Мақсаты: отандық музыка мәдениетін дамыту, жастар арасында жаңа таланттарды ашу, жергілікті сазгерлер мен ақындардың, жас орындаушылардың шығармашылығын насихаттау және еліміздің бас қаласы - Астананы дәріптейтін және мәртебесін көтеретін әндерді анықтау.
Байқау бағалауы жабық түрде өткізілді. Сазгерлердің шығармашылығын музыка әлеміндегі танымал мамандар бағалады.
Өнер додасында облыстың аудандары мен Ақтөбе қаласынан 13 сазгердің əндері орындалып, Астанаға арналған жылдың ең үздік əні анықталды.
Марапаттау салтанаты мен жеңімпаздардың гала-концерті 6 шілде күні ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында өтеді.
Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы құрметіне өткен облыстық «Әнім сенсің, Астана!» ән байқауында шырқалатын жаңа туындылар көрермендердің жүрегінен орын алатыны сөзсіз.