Ақтөбеде домбыра күні кең көлемде аталып өтті

Елбасының Жарлығымен қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып айқындалды. Республика көлемінде тұңғыш рет аталып өтетін мерекенің маңыздылығын насихаттау, шараға түрлі әлеуметтік топтарды тарту, асыл мұра-домбыраның қадір-қасиетін ұлықтау мақсатында Ақтөбе облысында бірқатар шаралар ұйымдастырылды.
Атаулы күнге орай Елорадамыз - Астана қаласында «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда үлкен мереке өтіп, киіз үйлер тігіледі және қазақ ұлттық аспаптарының музейі ашылады. Осы шарада Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының А.Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетті.
Облыста 1 шілде күні туылған әрбір отбасының тұңғыш сәбиіне домбыра сыйлау акциясы өтті.
Облыс көлемінде Ұлттық домбыра күніне 300-ге жуық шара өтіп, бабадан жеткен асыл мұрамыз жан-жақты насихатталды.
Облыс орталығында 29-30 маусым күндері барлық деңгейдегі кітапханалар мен музейлерде "Домбыра - асыл мұра", "Үкілі домбыра", "Киелі домбыра", т.б. тақырыптарында экспозициялық, кітап көрмелері, танымдық сағаттар ұйымдастырылады. Өнер музейінің залында "Үкілі домбыра" тақырыбымен домбыра көрмесі өтті.
Ал 30 маусым күні, сағат 17.00-де "Домбыра" белгісінің алдында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен күй шеруі ұйымдастырылды.
1 шілде күні сағат 10.30-12.00 аралығында қаланың 6 ашық алаңы: Пушкин атындағы, Тұңғыш Президент атындағы, Денсаулық саябақтарында, Нұр-Ақтөбедегі мектеп алаңында, Орталық базар, Керуен сити сауда үйі,Шығыс базарыаумағында"Күмбірле, қоңыр домбыра!" атты өнер ұжымдарының концерттері өтіп, бір мезетте басталған шараларда ұсынылған концерттік нөмірлердің барлығы домбырамен сүйемелденді.
Осы күні қала жастары топ-топ болып халық көп шоғырланатын аялдамалар мен қоғамдық көліктерде жаңа мерекені насихаттау жұмыстарын жүргізіп, облыс тұрғындарына буклеттер таратты.
Негізгі шара 1 шілде күні сағат 18.00-де Орталық стадион алаңында өтті. Ақтөбеліктер мен қала қонақтары "Домбыра-думан" шарасына көптеп жиналды. Орталық стадион алаңында кітап көрмесі, музей қорында сақталған домбыралар көрмесі, тас жолда сурет салу бойынша байқау ұйымдастырылды.
Алаңдағы бір киіз үйде домбыра жасайтын шеберлердің шеберлік сағаттары өтіп жатса, арнайы тігілген екінші киіз үйде қаламыздың ең үздік жыршы-термешілері көрермендерді сауыққа бөледі. Белгілі жыршы, халықтық "Шашу" отбасылық ансамблінің мүшесі Өмірхан Жетесов халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің "Нарқыз" және Қобыланды" эпосын жырлап, думанның көркін қыздырды.
Мерекелік безендірілген алаңда Лэд-экран арқылы театрландырылған қойылымдар, қыз бен жігіт айтысы, ақындар мен термешілердің, дәстүрлі әншілердің өнері, өңірден шыққан атақты күйші-домбырашылар туралы танымдық ақпараттар қалалықтарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ ұлттық домбыраны қастерлеп, ұлықтау шараларына өнерлі көрермендер де тартылды. Олар домбыраға қатысты викториналық сұрақтар шешуге қатысты.
Ұлттық домбыра күніне арналған "Домбыра-думан" мерекесінде Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Қорғанбаева ағашты «сөйлетіп», темірден түйін түйген, ұлттық музыкалық аспаптарды жасаумен айналысып жүрген қолөнер шеберлері - Ерқосай Әбілов, Марат Қабижанов, Құтым Хасенов пен Шоқан Қалиға Алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыстады.
Стадион сыртындағы шара аяқталғаннан соң, "Домбыра - думан" мерекесі аясында стадиондағы «Ақтөбе»-«Шахтер» футбол командаларының ойыны алдында 500 домбырашы бір мезетте академик, композитор Ахмет Жұбановтың «Би күйін» және дәулескер күйші Құрманғазының "Адай", "Балбырауын" күйлерін күмбірлетті.