Аққағаз Досжанова туралы ғылыми-танымдық конференция

6 маусым күні С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы дәрігер Аққағаз Досжанованың 125 жылдығына орай «Жанашыр жан, білікті дәрігер» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өткізді.
Шара қонақтары - ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Р.Ілиясова, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекелік медалінің иегері, құрметті зейнеткер Ш.Мұқашева, М.Оспанов атындағы БҚМУ «Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы, саяси ғылымдар магистрі Б.Молдин ХХ ғасыр басында Алаш ардақтыларының арасында болып, олардың жанына жалау бола білген қайсар қыз Аққағаз Досжанова қысқа ғұмыр кешсе де халқына жасаған қалтқысыз қызметтері жайында айтып берді.
Шараға облыс орталығындағы арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық кітапхана қызметкерлері қатысты.
"Алаш" партиясының мүшесі ретінде ұлттық мүддеге қызмет еткен Аққағаз Досжановаға арналған шарада «Күн шығыстың тұңғыш қызы» атты кітап көрмесі, слайд және «Аққағаз Досжанова - Ақтөбе өңірінің алғашқы дәрігер қазақ қызы» деректі фильмі көрсетілді.