Қалалық көркемсурет лицейінің көрмесі

Облыстық өнер музейінде 2018 жылдың 5 маусымында «Шығармашылық вернисаж - 2018» атты қалалық көркемсурет лицейінің 2017-2018 жылғы 4 және 6 сынып түлектерінің дипломдық шығармашылық жұмыстары көрмесінің салтанатты ашылуы өткізілді. Шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері күніне арналды.
Көрмеге лицей тәрбиеленушілерінің 130-ға жуық керемет туындылары қойылды. Жұмыстардың орындалу техникасының сан алуандылығы расымен де таң қалдырады: классикалық кенеп, майлы бояу, графика, граттография, батик, жүн басу, ермексаз, полимердік саз, папье-маше, акрилдан бөлек, дарынды түлектердің арасында инновациялық орындау тәсілдерімен ерекшеленгендер де көп болды.
Жаңашылдық пен ерекшелікті көздеген оқушылардың бірі - 3Д модельдеу, компьютерлік графика сияқты заманауи тәсілдерді таңдаса, ал бірі табиғи материалдардан жасалған бояуды қолданған.
Көрмеде қойылған әрбір жұмыс өзіндік энергияға, ойға, идеяға толы, автордың өзіндік ерекшеліктері байқалады. Әр жұмыс ерен еңбек, білім мен таланттан жаралған бірегей туынды.
Көрме маусым айының соңына дейін жалғасады.