Абат-Байтақ қорымы

Құрметті оқырмандар!
Бүгіннен бастап Сіздерге «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Ақтөбе облысы өңірінен республикалық маңызы бар ескерткіштердің тізіміне енген 10 және жергілікті маңызы бар 34 нысан туралы мәліметерді күнделікті ұсынатын боламыз.
Абат-Байтақ қорымы
Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Талдысай ауылынан 12 шақырым оңтүстік-оңтүстік-батыста.
Қысқаша анықтамасы: Абат-Байтақ кешенінің маңыздылығы XVIII – XX ғ.ғ. басында бұл жерде қазақтың аса зор қорымының бой көтеруімен байланысты. Оның құрамына шикі кірпіштен салынған мазар мен 200-ден астам құлпытастар кіреді. Олар қабір үйіндісі мен шикі кірпішті қоршаулардың батыс жағында орнатылған. Абат-Байтақ құпытастары әртүрлі үлгілермен, композициялық және әшекейлік-сәндік, берегейлігімен, оймыштардың тартымдығымен ерекшеленеді. Осылардың ішінде ежелгі үлгідегі: қорымның батыс жағында орнатылған, тасқа айналған ағаш түріндегі құлпытас өзінің керемет қарапайымдылығымен көзге түседі. Көптеген ескерткіштерде араб әрпімен қазақ тілінде жазылған мәтіндер мен таңбалар ойылып түсірілген. Олардың тарихи-этнографиялық маңызы өте зор. Қорымда Кіші жүздің табын, кете, шекті, ожырай, байбақты және басқа да рулардың өкілдері жерленген. т.ғ.д., профессор С.Әжіғалидың зерттеулері бойынша мавзолейдің қалыңдығы 3 метр, биіктігі 5 метрге жуық қасбеті (портал) болғандығын дәлелдеді. Мавзолейдің жалпы биіктігі 16 метр болған, қазіргі сақталып тұрған биіктігі 14,5 метр.