Досжан ишан мешіті

Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық аулынан 5 шақырым оңтүстікте.
ХІХ ғасырдың 1815-1896 жылдары өмір сүрген Кіші жүз пірі, мешіттер салып бала оқытқан, халықты имандылыққа уағыздаған, отырықшылыққа үйреткен Досжан хазірет туралы Әбубәкір Кердерінің «Қазағым» деген жинағындағы өлең жолдарынан, Сәбит Салқынұлының «Досжан хазірет» кітабында Досжан шариғат жолынан мүдіріссіз өтіп, Олдан есімді шайхтың ықыласына ілігіп, шәкірт тәрбиелеуге рұқсат хат «иршад» алған деп жазады.
Зерттеуші Марат Қабижанұлы Досжан хазірет әкесі Қашақ Молдадан 14-15 жасына дейін сауатын ашып, Орынбордағы «Хусайния» медресесін бітіріп, үш жыл сондағы жастарға мударристік етіп, Ойылдағы ауылына келіп бала оқытқан» деп көрсетеді.
Мешіттің ұзындығы шамамен 28 метр, ені 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Мешіт жанына көшпелі қазақтар қоныстанып, қазргі Шұбарқұдық өлкесінде алғашқы отырықшы қоныс пайда болған. Мешіттің алты бөлмесі бар, терезелері адам бойынан ұзын. Бөлме ішінде ешқандайда тіреу жоқ. Терезесінде де бірде бір қиық белдік жоқ, күмбез бұранда түрінде жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою өрнекпен әшекейленген, күмбезден түскен жарық, барлық нақыштарын нұрландырып тұрған. Мешіт ішіндегі аят хадистері қызыл оюмен боялған. Мешіттің алдында кіре беріс үй және азан айтатын мұнарасы болған. Қазіргі таңда бұл мешіттің төбесі құлаған, қабырғалары ғана тұр. Бұл мешітте көптеген мүриттер қызмет етіп, көптеген ишандар, сопылар оқып, білім алып елге қызмет етті. Досжан хазірет өз мешітінің күншығыс бетінде жерленген. Басында құлпытасы сақталған. 2015 жылы Ақтөбе облысында туғанына 200 жыл толуы кең көлемде аталып өтті. Қазір Ақтөбе қаласында Досжан хазірет атында көше бар.