Мемлекеттік хатшы тарихи-құжаттық көрмемен танысты

2018 жылдың 30-31 мамырында «Нұр-Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы ғимаратында Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің қызметкерлері 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ-ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ» халықаралық форумына және «Рухани жаңғыру жолындағы тарих тағылымы» атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Президентінің архивімен бірлесіп, «Депортация тарихы. Қазақстан 1939-1945 жылдарда» және дербес «Тарих айнасы - архив құжаттарында» тақырыптарында тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырды.
Архив қорында сақталған құжаттарға негізделген көрмелер Қазақстан компартиясы Ақтөбе облыстық комитетінің, облыстық атқару комитеттерінің, аудандық комитеттердің құжаттары негізінде 1939-1945 жылдар аралығындағы қуғын-сүргінге ұшыраған ұлттардың Қазақстанға күштеп қоныс аударылуы, олардың Ақтөбе облысының аумағында орналастырылуы, құқықтары мен міндеттері, облыстың ауылшаруашылығы мен өнеркәсібі дамуындағы еңбегі туралы мол мағлұмат берді. Маңызды тарихи деректерге толы көрмемен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіхалықова, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев және форум қонақтары танысты.