Мемлекеттік рәміздер күніне арналған шаралар өтті

2018 жылғы 4 маусым күні Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Ақжелкен» аула клубында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Туым – намыс, ұраным – бірлік, рәміздерім – мақтанышым!» атты патриоттық жырлар шеруін өткізді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін, оның құрылу тарихын, мемлекеттік атрибуттардың мәні мен авторларын таныстыру мақсатында ұйымдастырылған шарада «Ақжелкен» аула клубының мүшелері Шаймерген Әлдибекұлы, Маралтай Райымбекұлы, Алмас Ахметбекұлы, Қалмаханбет Мұқаметқали т.б. ақындардың рәміздер туралы жазған өлеңдерін оқып, викториналық сұрақтарға жауап берді.
Оқырмандар назарына «Рәміздер - ұлт мақтанышы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жүргізілді.
Сондай-ақ осы күні №15 «Жидек» балабақшасында «Ел рәмізі – ел рухы» патриоттық сағаты өткізілді.
Балалар ҚР тақырыптық слайдтан Мемлекеттік рәміздер туралы мағлұмат алып, Бақытбек Бәмішұлының «Ту», «Елтаңба», «Әнұран» өлеңдерін оқыды. Шара соңында балалар жазушысы Ә.Дүйсенбиевтің сөзіне жазылған «Біз - өмірдің гүліміз» әнін хормен орындады.