Ақтөбеде ашаршылық және саяси репрессия құрбандарына арналған ескерткіш ашылды

31 мамыр күні Ақтөбе қаласында ашаршылық және саяси репрессия құрбандарына арналған ескерткіш ашылды, жер учаскесінің аумағы - 0,44 га. Шараға ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, "Рухани жаңғыру жолындағы тарих тағылымы" халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатысушылары, Құдайберген Жұбановтың ұлы - профессор Асқар Жұбанов, облыс әкімі Б. Сапарбаев, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ең үздік ескерткіш жобасына республикалық «Айқын» газетіне ашық шығармашылық байқау жарияланып, мүсіншілерден 6 эскиздік жоба ұсынылған болатын.
Таңдап алынған үздік жобалар Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссия қарауына ұсынылып, мүсінші Ахмет Құбайдың жобасы мақұлданды.
Ескерткіш қоладан орнатылды, тұғырының (постамент) биіктігі 110 см., мүсіннің биіктігі 240 см., ұзындығы – 12 метр.
Артқы жағында қара граниттан екі жұп әсерленген қанаттар төмен түскен. Гранитте ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арнап сөз жазылады. Қанат арасында ең биікте шаңырақ. Алдында үш қабатты баспалар жебе тәрізді, бұл трагизм мен қайғыны қосады.
Композицияның негізгі мәнісі - тоталитарлық жүйенің құрбанына айналған, зәбірленген адамның тұлғасы. Оның бет әлбеті қайғылы, басы салбырап, кеудесіне түскен. Бірақ соған қарамастан бұл жеңілмеген, жүрегінде қайраты бар адамның бейнесі. Ол соңына дейін күресуде, өзінің адал екенін дәлелдеу үшін темір тікенннің құрсауынан босауға әрекет жасауда. Тереңге батқан тамырдай жалаң аяғы тас жерге кіріп барады. Дегенмен ол бұл тар құрсаудан ақталып шығуға сенімді. Тұлғаның кейбір дене тұсы жалынға айналған матамен оралған.
Ескерткіш ашаршылық және саяси репрессия құрбандарының есімін ел есінде мәңгі сақтау мақсатында орнатылды.