Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған шара

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай 2018 жылғы 25 мамыр күні, "Жұбановтар әлемі" мәдениет орталығында "Бәрі де сіздер үшін..." атты салтанатты шара өтті. Шараның ресми блогында 42 үздік мәдениет және өнер қызметкерлеріне Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар, сыйақылар мен төсбелгілер табысталды.
Өңір басшысының құттықтауын облыстың мәдениеті мен өнерін дамытуға, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыруға зор үлес қосып жүрген майталмандар - актерлер, кітапханашылар, әншілер, клуб және музей қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер қабылдады.
Салтанатты шарада кәсіби мерекеге орай мәдениет мен өнер саласының 8 қызметкеріне Ақтөбе облысы әкімінің атынан 100 000 теңге көлеміндегі сыйақы Сертификатын, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2 Құрмет грамотасы мен 10 Алғыс хатын өңір басшысы Б.Сапарбаевтың өзі табыстады. Сондай-ақ "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Заманауи Қазақстандық мәдениет" арнаулы жобасын жүзеге асыруда атқарған жүйелі жұмысы үшін "Жұбановтар әлемі" мәдениет орталығының директоры Лаура Майтекова облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Кәсіби мерекеге арналған шарада сондай-ақ облыс әкімі бұрынғы сала қызметкерлерін де құттықтады. Мәдениет саласының ардагерлері - Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, облыстың құрметті азаматы Өтеміс Әкімовті 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, өңір тарихын зерттеу мен музей ісін дамытуға ерекше еңбек сіңірген тұлға - Рысжан Ілиясоваға "Үздік өлкетанушы" төсбелгісін табыстады.
Аймақ мәдениетін насихаттауға қосқан үлесі үшін саланың 15 үздік қызметкері облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Қорғанбаеваның Алғыс хатымен марапатталды. Басқарма басшысы ұлттық кітапхана директорларының атынан 1 кітапхана қызметкеріне «Кітапхана ісінің шебері» төсбелгісі мен 3 кітапханашыға Алғыс хаттар табыстады. Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Н.Табылдинова 1 мемлекеттік қызметшіні, филармония және кітапхана қызметкерін министрліктің Алғыс хатымен марапаттады.
"Ақ тілекпен!" - мәдениет қызметкерлерін БАҚ құралдары, түрлі басқарма өкілдері мен басқа да сала мамандарының құттықтау блогы осындай атаумен өтті.
Мерекелік шара облыс орталығындағы үздік шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасына ұласты.