Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» I облыстық Форумы өтті

2018 жылғы 4 мамыр күні Өнер орталығында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығымен Мемлекет Басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен Ережеге сай «Рухани қазына» облыстық фестивалі аясында тұңғыш рет Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің форумы өтті.
Мемлекет басшысы атап көрсеткен қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі: Ұлттық және мәдени бірегейлікті сақтау. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Бүгінде өнер мен мәдениетті дамыту - "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асырудың басты басымдықтарының бірі. "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Рухани қазына" кіші бағдарламасы бойынша мәдениет саласына қатысты «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Заманауи Қазақстандық мәдениет» арнайы жобалары іске асырылуда. 2017 жылдың мамыр айынан бастап 15 жоба жүзеге асырылды. Үстіміздегі жылы «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша жалпы құны 752,2 млн.теңгені құрайтын 73 жоба жоспарлануда.
Фестивальдің мақсаты – мәдени-ойын-сауық саласы қызметіндегі тәжірибемен алмасу, қазақстандық патриотизм мен ұлттық-мәдени бірлікті дамыту аясында ұлттық мәдениетті насихаттау және аймақтық мәдениет ұйымдарының имиджін нығайтуға бағытталған үздік әлеуметтік-мәдени және бірыңғай мәдени кеңістікті дамыту.
Фестивальге аудандар мен облыс орталығынан барлығы 1000-нан астам мәдениет және өнер саласының қызметкерлері мен ардагерлері, қала, аудан әкімдерінің әлеуметтік сала бойынша орынбасарлары, қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, ауылдық, аудандық, қалалық клуб, кітапхана меңгерушілері қатысты. Форум жұмысын облыс әкімінің орынбасары Е. Нұрғалиев ашты.
Бір күндік Форум аясында "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Рухани қазына" кіші бағдарламасына сәйкес аудандар мен Ақтөбе қаласының облыстық мәдениет, өнер мекемелері және кәсіпорындарының көрмесі өтті. Онда "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 1 жыл ішінде атқарылған жұмыстарының көрмесі, сәндік-қолданбалы қолөнер шеберлерінің, әр аудан­ның мәдениет пен өнер са­ла­сындағы үздік жетістіктері бейнеленген көрмелері көрсетілді.
"Рухани қазына" кіші бағдарламасы аясында облыс өнері мен мәдениетін жаңғыртудың жаңа бағыттары" тақырыбында пленарлық мәжіліс, секциялық отырыстар, шеберлік сабақтары және облыстың үздік мәдениет мекемелері мен қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ күннің екінші жартысында «Ел іші - өнер кеніші» облыстық фестивалі лауреаттарының Гала-концерті ақтөбеліктердің назарына ұсынылып, жеңімпаздары марапатталды.