Ақтөбеде Астананың мәдени күндері өтті

Елордалық шығармашылық ұжымдарының Астананың 20 жылдығы құрметіне Қазақстанның қалалары бойынша гастролі басталды. Астаналық артистердің өнерімен алғашқы болып Ақтөбе қаласының тұрғындары танысты. Үш күн бойы көпшілік назарына үздік қойылымдар мен экспозициялар ұсынылды.
Астананың өңірлердегі күндері «Астанадан ақ тілек» атты концертпен басталды. Шара 12 мамырда «Өнер орталығы» концерт залында өтті. Ақтөбеліктер «Сарыарқа» халық музыкасы, «Шалқыма» халық биі, эстрадалық би ансамбльдерінің және классикалық, эстрадалық және халық вокалы солистерінің өнерін тамашалады.
Елордалық әртістердің шығармашылық кешінен басқа 13 мамыр күні Тұңғыш Президент атындағы саябақта «Астанадан ақ тілек» атты Open air концерті өтті.
12-13 мамырда Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының сахнасында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актерлері «Жұт» драмасы мен «Қызыл орамалды шынарым» қойылымын сахналады. Елордалық қонақтардың мәдени бағдарламасы 13 мамырда Өнер орталығында Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрінің «Елордадан елге сәлем» концертімен жалғасты.
Ақтөбедегі гастрольдер аясындағы тағы бір шара – Тәуелсіздік сарайы ұйымдастырған «Елбасы - Елорда» көрмесі. Көрме «Өнер орталығы» концерт залында 12-14 мамыр күндері жұмыс істеп, ақтөбеліктердің үлкен қызығушылығын тудырды.