«Қазақстан – бар ұлысқа шаңырақ» атты энографиялық сағат

2018 жылдың 28 сәуірі күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы Ақтөбе мұнай және газ колледжінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Қазақстан – бар ұлысқа шаңырақ» атты энографиялық сағат ұйымдастырды.
Мақсаты: мемлекетіміздегі әртүрлі ұлттардың тарихы мен рухани мәдениеті, салт-дәстүрі және өнерінің дамуы туралы мәлімет беру. Елімізде тұрып жатқан әрбір жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен патриоттық сезім ұялату, ынтымақтастыққа, достыққа тәрбиелеу.
Қазақстан - түрлі ұлттардың басын қосқан ұлы мекен. Олардың салт-дәстүрлері, тілі мен мәдениеті жоғалмас үшін қолайлы жағдай жасалған. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі - 1996 жылдан бастап жыл сайын 1 мамырда тойланатын мемлекеттік мереке. Қазақстан - ұлттар мен ұлыстар мекендеген қазақ жерінің бүкіл халқын ұлт бірлігі идеясына біріктірудің, достық пен бауырмалдықты, өзара сыйластықты орнықтырудың қайнар көзіне айналды.
Шараға Ақтөбе мұнай және газ колледжінің кітапхана меңгерушісі Гүлнар Бекбаулина, психолог Жайнагүл Әбиева мен студенттер қатысты. Кітапханашы Бултекова Лаззат әр ұлттың салт-дәстүрі мен өнерін, мәдениетін таныстырды. Сонымен қатар әр елдің амандасу салтын әңгімелеп, студенттер мақал-мәтелдер айтты. Қайрошова Гүлбақыт, Мырзаш Нұржан, Елемесов Нұрдаулет өлең оқыды. «Жүректен жүрекке» атты тренинг жүргізді.
«Қазақстан - достықтың мекені» атты кітап көрмесіне кітапхана қызметкері Бултекова Лаззат библиографиялық шолу жүргізді. «Бірлік – біздің қасиетті туымыз» атты слайд көрсетіліп, «Бірлігіміз жарасқан» бейнеролигі тамашаланды.