Актер Ғазиз Обаевты еске алу кеші өтті

9 сәуір күні Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жарқ еткен бір бейне» атты театрдың бақилық болған актеры Ғазиз Обаевты еске алу кеші өтті. Ол шығармашылығының нағыз шарықтау кезеңінде, бар болғаны 35 жасында кенеттен қайтыс болды.
Актерді ұжымдастары туған күні еске алу дұрыс деп шешті. Театр актерлары Ғазиз басты рөлдерді сомдаған «Көшедегі пақырды, әкім бол деп шақырды», «Ескерткіш операциясы», «Алтын түйменің азабы» спектакльдерінен үзінді тамашалап, естелік монологтар оқыды және керемет әндер шырқады.
Кештің құрметті қонақтары ретінде шараға қатысқан Ғазиздің анасы, туыстары мен достары осы шараны ұйымдастырушыларға рахмет айтып, көздеріне жас алды. Ғазиздің анасы ұлының қандай қамқор, ақылды, қайырымды болғанын айтып өтсе, апасы бауырының ақкөңіл, көпшіл мінезін еске алды.
Марқұмның 6 жасар қызы Айару әкесіне арнап шығарған өлең жолдарын оқыды.