Ұлттық ойындар сабағы

2018 жылғы 6 сәуір күні С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Наурыз мейрамы-2018» айлығының концепциясы аясында «Асығың алшысынан түссін» атты ұлттық ойындар сабағын өткізді. Шара дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған "Білім-инновация" лицей интернатында өтті, оған лицей-интернаттың оқушылары мен дене шынықтыру пәнінің оқытушысы қатысты.
Асық қазақ халқының ұлттық ойыны. Алаңға көлденеңінен түзу сызық сызады да, соны бойлай тігілген кенейді кезектесіп, сақамен ату арқылы мергендік сынасады. Асық ойынының ханталапай, омпа, иірмекіл т.б. түрлері бар. Ойын баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, ептілікке, дәлдікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа тәрбиелеген.
Жарыс ойынына екі командадан бірнеше оқушы қатысты. Ойынның шартын кітапхана қызметкері түсіндіріп, ұпай сандарын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі есептеп отырды. Асық ойынын есептей келе 1-топтың оқушылары 10 ұпаймен жеңіске жетті. Сонымен қатар «Асық ойыны – ұлттық қазынамыз» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Хамидуллина Бақтыгүл библиографиялық шолу жасады, асық ойыны туралы біраз мағлұмат беріп, кітапхана атынан алғысын жеткізді. Ойынға қатысқан әр командаға кітапхана атынан сыйлықтар табысталды.