Ақтөбеде симфониялық оркестр өнер көрсетті

6 ақпан күні «Өнер орталығы» концерт залында А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының симфониялық оркестрі (Алматы қ.) өнер көрсетті. Ауқымды шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония Астана қаласының 20 жылдығы аясында ұйымдастырды.
Жас таланттардың өнері ақтөбелік көрермендерді тәнті еткені соншалық, олар әрбір өнерпазға ұзақ уақыт бойы қол соғып, қошемет көрсетіп отырды.
"Бүгінгі шара - барлық көрермендер, оның ішінде Ақтөбе музыка колледжінің педагогтары мен музыка мектептері үшін керемет концерт, "тірі" шеберлік сағаты болды, өйткені аспапта ойнайтындардың бәрінің бірдей оркестр құрамында өнер көрсетулеріне мүмкіндігі бола бермейді. Көрерменнің зор ықыласына бөленген балалар жанды дауыспен ән салып, түрлі аспаптарда ойнады. Бір сөзбен айтқанда, аталған концерт - Ақтөбенің мәдени өмірінде есте қаларлық, айтулы оқиғалардың бірі болды",-дейді "Жұбановтар әлемі" орталығы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Д. Ниязова.
Өнер орталығының фойесінде облыстық өнер музейінің қорынан А. Жұбановқа арналған экслибрис көрмесі, сондай-ақ Астана қаласының 20 жылдығына арналған фото, кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Концертте Халықаралық байқаулардың лауреаттары Ғалымжан Нарымбетов (баян), Жандос Мұхамеди (скрипка), Мейір Байнеш (тенор) өнер көрсетті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі- ҚР мәдениет саласының үздігі Г.Буенбаева.
Талантты балалар А.Жұбановтың «Би күйі», М.Брух, И.В.Моцарттың 40-шы симфониясын, Пьяцолланың «Либертанго», А.Хачатурянның «Спартак» балетінен «Большое адажио» шығармаларын орындады.