Архив мекемелерінің жұмысы қорытындыланды

26 қаңтар күні Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде «Мемлекеттік архивтердің жұмысындағы заманауи әдістер мен технологиялар» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Оған Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері, Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві және оның филиалдары мен аудандық архивтердің меңгерушілері мен қызметкерлері қатысты.
Мақсаты: Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауын талқылау, рухани жаңғыру аясында архив жұмысын жандандыру бағытында жаңа әдістер мен технологияларды қолдану жолдарын талқылау.
Семинар-кеңесті Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің директоры М.Төлебай ашты. Пленарлық мәжілісте Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қ.Ермұқан архив ісінің өзекті мәселелері жөнінде айтып өтсе, басқарманың бас мамандары А. Баимбетова мен Ж. Танатарова «Облыстық архив мекемелерінде әлеуметтік–құқықтық сипаттағы сұраныстардың орындалуы» тақырыбында баяндама жасады. Ырғыз аудандық мемлекеттік архивінің меңгерушісі Өтеміс Рақымжан Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауына байланысты «Биік мақсат жаңа белестерге бастар жол» атты баяндамасы арқылы өз көзқарасын білдірді. Қобда филиалының директоры Нұрбибі Ещанова өз баяндамасында 2017 жылғы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Баяндама жасаған басқа мамандар архив қызметін жаңғырту, құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу кезінде кездесетін кейбір мәселелер, архив құжаттарын сақтаудағы заманауи тәсілдер, жеке тектік қорлар жөнінде сөз етті.
Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің директоры М.Тулебай облыс архивтерінің 2018 жылға жұмыс жоспарымен таныстырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «100 жаңа есім» бағыты бойынша Тәуелсіздік жылдары елімізге еңбегі сінген азаматтардың жеке тектік қорын ашу керектігін айтты.