«Патша көңіл» кітабының тұсаукесері өтті

30 қаңтар күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Қаламгер» әдеби қонақжайында «Мәдениет саласының үздігі», ақын Өтеген Нұрмағамбетовтың «Патша көңіл» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Өлең-жырлары облыстық, республикалық басылымдарда жарық көріп жүрген ақынның өлең сүйер оқырмандары аз емес. Оған шара барысында көзіміз жетті. Қолына қалам ұстаған жылдардан бері бес кітабы жарық көрген. Қазақтың белгілі ақындары - Мұхтар Шаханов, Иран-Ғайып поэзия өлкесіне өз отауын тігуге талпынған ақынның өлеңдеріне оң бағасын берген. Кешке ақынның алғашқы жырларын «Ақтөбе» газетіне жариялаған ардагер журналист, қаламгер Идош Асқар, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары, ақын Бауыржан Құрманқұлов, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов, Гүлімай Әбішқызы сынды белгілі қаламгерлер қатысты.
Астанадан арнайы келген тіл жанашыры Нұрсәт Қожақұлы ақын досына жүрекжарды лебізін білдірді. Өтегеннің өлеңдерін жатқа оқыған студенттер мен оқушылар кештің көркін ашты. Сөз соңында кеш иесі өзіне әрдайым қолдау көрсетіп жүрген Құдайберген Бекенов ағасына, өнердегі інілері «Мәдениет саласының үздігі», сазгерлер Орал-Қосай Байсеңгір мен Нұрталап Жүсіпке және кітапхана ұжымына алғысын білдірді. Шара барысында ақынмен авторлық келісім-шарт жасалынды. Шығармалары Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана қорына енгізілетін болды.