«Мен қазақпын» мега жобасының жеңімпазымен кездесу

24 қаңтар күні С.Бәйішев атындағы ОӘҒК өнер әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен күйші, домбырашы, «Мен қазақпын» мега жобасының жеңімпазы Ардақ Елеусізовпен «Қасиетіңнен айналайын, домбыра!» атты кездесу кеші өтті. Оған Ардақтың ата – анасы, мәдениет саласының қызметкерлері, қаламыздың арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, Ардақтың өнерін қолдап жүрген досы Қ.Әбілқайыр қатысты.
Кеш барысында «Мен - қазақпын» мега жобасынан үзінділер көрсетілді. Ардақты өмірге әкеліп, бағып қаққан ата–анасы Тимур ағай мен Ағила апайкүйшінің балалық шағы туралы оқырман қауымға әңгімеледі.
Кешке көпшілік құрметіне бөленген күйшінің өнерге қызығушылығын арттырып, музыка саласына баулыған ұстазы Д.Алданазарова қатысып, Ардақтың шығармашылық шеберлігі туралы сөз өрбітті.
Қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттап жүрген күйші, «Мен - қазақпын» жобасының жеңімпазы Ардақ Елеусіз өз сөзінде домбыра ұстауға, күй тартуға қай жасында қызығушылығы оянғандығы, оған не себеп болғандығы жайында және «Мен – қазақпын» мега жобасы туралы айтып берді. Сонымен қатар, кешке қатысып отырған оқырмандардың сұрауы бойынша Сыр өңірінің күйі «Ташауыз», Махамбеттің «Жауға шапқан», «Жұмыр қылыш», Қазанғаптың «Кәрі Ақжелең», Сүгірдің «Қосбасар» секілді бірқатар күйлер тартып, көрермен ықыласына бөленді.
Кітапхана директорының орынбасары А.Крымкулова шараға қатысқан қонақтарға рахмет айтып, Ардаққа алдағы уақытта орындаушылық шеберлігімен көптеген байқаулардың жеңімпазы атануына тілек білдірді және Алғыс хат табыстады.