Халықаралық семинар өтті

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қуыршақ театры өнерін әлемдік деңгейде дамыту және өркендету, қуыршақ өнеріне деген қызығушылықты арттыру, мамандардың кәсіби біліктіліктерін шыңдау, орындаушылық қабілеттерін жетілдіру мақсатында Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрында 20-23 қаңтар аралығында қуыршақ театры әртістері мен режиссерлеріне арналған Халықаралық «Сахна сыры» атты шеберлік сағат пен семинар өтті.
Шеберлік сағатын Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі,Орынбор мемлекеттік облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі – Смирнов Вадим Александрович жүргізді.
Кездесу барысында мамандарға теория мен тәжірибені ұштастырудың маңызы, қуыршақ түрлерімен үстел үсті және ашық алаңда кәсіби деңгейде жұмыс жасаудың ерекшеліктері, қуыршақпен тренинг, пьесамен жұмыс, қуыршақтармен басқа жүйеде жұмыс жасаудың принциптері мен өзгешеліктері жайында толықтай түсініктеме берілді.
Қатысушыларға шеберлік сағат, семинар қорытындысы бойынша сурет және бейне сабақтар жазылған дискілер, біліктілігін арттырғандығы жөнінде сертификат табысталды.