Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 75 жылдығына арналған құжаттық көрме

19 қаңтар күні Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 75 жылдығына орай құжаттық көрменің тұсаукесері өткізілді.
Көрменің мақсаты: көрерменді Қазақстандағы қара металургияның алғашқы өндіріс орындарының бірі - Ақтөбе ферроқорытпа зауытының құрылу кезеңіне, соғыс жылдарындағы қызметіне қатысты құжаттармен, фотоқұжаттармен таныстыру, өлке тарихына деген қызығушылықты арттыру.
Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің құжаттарды пайдалану және жариялау тобының меңгерушісі Б.Ешмұратова Ақтөбе ферроқорытпа зауытының құрылу тарихы жөнінде баяндады.
Көрмеге Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің сақтауындағы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының құрылу тарихына байланысты аса құнды құжаттар, Ақтөбе облыстық партия комитетінің, Ішкі істер халық комиссариатының 1940-1945 жылдардағы зауытқа байланысты деректері және зауыттың құрылыс барысын бейнелейтін фотоқұжаттар шығарылып, архив қызметкерлері мен қызмет алушылардың назарына ұсынылды.