«Айбарлы хан - Әбілқайыр» атты кітап көрмеcі ұйымдастырылды

2018 жылғы 20 қаңтар күні Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында кіші жүз ханы қолбасшы Әбілқайыр ханның туғанына 325 жыл толуына орай «Айбарлы хан - Әбілқайыр» атты кітап көрмеcі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу өткізілді.
Көрменің мақсаты – Әбілқайыр ханның тарихтағы орны мен ұстанған бағытын түсіндіре отырып, оқушыларды өз Отанын сүюге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Оқырмандар назарына Әбілқайыр ханның саясаткерлік және дипломатиялық рөлін баяндайтын А. Құнтөлеуұлының «Әбілқайыр хан» атты туындысы және қазақ жерінде өмірге келіп, қазақ хандығының күшеюіне ат салысқан ұлы адамдар өмірінен сыр шертетін «Тарихи тұлғалар» жинағы ұсынылды. Сондай-ақ көрмеге Т.Омарбековтің қазақ хандары туралы еңбегі, көрнекті жазушы Ә.Кекілбаевтың қазақ тарихының қиын кезеңдерінің күрделі жағын бейнелейтін «Үркер» романы, сонымен қатар шежіреші Б. Қорқытовтың «Кіші жүздің билері мен батырлары» атты жылнамалық жинағы, мерзімді басылым беттерінде жарияланған Әбілқайыр хан туралы деректер мен фото суреттер қойылды.