Басқарма басшысы Ойыл ауданында болды

Бүгін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М. Қорғанбаева Ойыл ауданының мәдениет қызметкерлерімен кездесті. Аудан орталығында орналасқан Мәдениет Үйі, кітапхана, музей және архивті аралап, олардың материалдық-техникалық жағдайы мен заман талабына сай жаңа техонологиямен жабдықталу жайына ерекше назар аударды. Сонымен қатар мәдениет ұйымдарының 2017 жылы атқарған жұмыс нәтижесімен танысып, "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аудан көлемінде жүзеге асырылу жайын, 2018 жылға арналған іс-шаралар Жоспарын нақтылады. Саладағы проблемаларды талқылап, оларды шешу жолдары бойынша кеңестер берді.
Іссапар барысында басқарма басшысы Ш. Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейіндегі жаңа экспонаттарды қарап, музей директорына заманауи экспозициялық залдарды жабдықтаудың жобасын дайындау бойынша тапсырма берді.
Аудан басшылығымен бірге Мәдениет үйінде өткен кездесуде Маржан Нағашыбекқызы аудандағы кітапханаларды компьютерлендіру, интернет желісіне қосу мәселесін шешу, "Туған жерге тағзым" акциясы шеңберінде клубтарға музыкалық аппаратура, сахналық киімдер сатып алу, архивке жаңа ғимарат салу секілді ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ облыс орталығында ауданның үздік көркемөнерпаздар ұжымдарының байқауына аудан өкілдерінің қатысуы, балалар кітапханасы жанындағы "Қуыршақтар" қызығушылық клубының жұмысын жандандыру үшін балабақшалармен жұмыс жасау туралы кеңестер берді.