Басқарма басшысы мұғалжарлық мәдениет қызметкерлерімен кездесті

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева 2018 жылғы 6 қаңтар күні жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданында болды. Аудан орталығы - Қандыағаш қаласында орналасқан мәдениет объектілерін аралап, олардың материалдық-техникалық жағдайымен танысты және азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Мұғалжар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 40 мәдениет мекемесі жұмыс жасайды. Аудан бойынша 19 мәдениет үйі мен клубтар, 18 кітапхана, 2 музей, 1 саябақ халыққа қызмет көрсетеді.
Аудан әкімінің орынбасарымен бірге жұртшылықты толғандырған сұрақтарды тыңдаған басқарма басшысы Қандыағаш қаласындағы қазіргі аудандық мәдениет үйінің ғимараты 1966 жылы Ұлы Октябрь революциясының 50 жылдығы құрметіне салынып, Қандыағаш станциясының Теміржолшылар клубы ретінде пайдалануға берілгенін және аталған ғимаратты 1992 жылы аудандық мәдениет бөлімі Темір жол басқармасынан келісім-шартпен өз балансына алғанын сөз етті. Алайда халық көп шоғырланған қала үшін бұл Мәдениет үйінің тарлық ететіні - көпшілік көтерген өзекті сұрақтардың ең бастысы болды. Сол себепті басқарма басшысы ауданда 600 орындық Мәдениет Орталығын ашу туралы тұрғындар ұсынысын тыңдап, бұл мәселені шешу жолдары, оған тиісті құжаттарды рәсімдеу бойынша кеңестер берді. Мұндай Орталық ашылатын болса, аудандық кітапхана, архив секілді мекемелер бір жерге шоғырланып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы арта түсері сөзсіз, сондықтан бұл жұмысты жандандыру қажеттігін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ Маржан Қорғанбаева "Рухани жаңғыру" бағдарламасы "Рухани қазына" кіші бағдарламасының "Туған жер", "Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары" жобалары бойынша 2017 жылы облыс көлемінде ұйымдастырылған ауқымды шараларды атап өтіп, ауданда осы бағыттағы іс-шаралар жоспарлы түрде жүзеге асырылуы жөнінде әдістемелік кеңестер беріп, өз ұсыныстарымен бөлісті.